Қарулы Күштерде «Күшіміз бірлікте» патриоттық акциясы өткізілуде

27 Қаңтар 2022, 19:19
1593
Бөлісу:
Қарулы Күштерде «Күшіміз бірлікте» патриоттық акциясы өткізілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс өңірдің әскери бөлімдерінде Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істеуде. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Патриоттық акция әскери қызметшілердің жоғары моральдық рухын қолдауға, Отан қорғаушының жоғары миссиясының маңыздылығын нығайтуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «халықтың бірлігі – еліміздің дамуы мен қоғам болып ұйысуының мықты іргетасы» екенін ерекше атап өтті. Бұл Алматыдағы қайғылы оқиғалар кезінде айқын көрінді. Қорғаныс министрлігінің басшылығына әскерлердің жауынгерлік дайындығын арттыру, қазақстандық армияның техникалық және жауынгерлік әлеуетін арттыру жөнінде нақты міндеттер қойылды. Әскери қызметшілердің моральдық- психологиялық тұрақтылығын және мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінді, – деді Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Серік Бурамбаев.

«Күшіміз бірлікте» патриоттық акциясы аясында тәрбие құрылымдарының офицерлері әскери ұжымдардағы моральдық ахуалды зерделеу, терроризмге қарсы операцияға қатысқан әскери қызметшілерді психологиялық оңалту жөнінде кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Әскери заңгерлер жеке құрам мен әскери қызметшілердің отбасыларына заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру мәселелері туралы кеңес береді.

Гарнизондарда бұл күндері Қорғаныс министрлігінің Әскери-тарихи музейінің тақырыптық экспозициялары ашылды. Ұсынылған экспонаттардың ішінде Бөгенбай батырдың дулығасы, аты аңызға айналған қолбасшылар Бауыржан Момышұлы мен Иван Панфиловтың жеке заттары айтарлықтай қызығушылық тудыруда. Көрмені төрт мыңнан астам әскери қызметші мен олардың отбасы мүшелері аралады.

Өзгелердің жаңалығы