Қарулы Күштерде «Күшіміз – бірлікте» акциясы өтіп жатыр

26 Ақпан 2022, 05:15
1546
Бөлісу:
Қарулы Күштерде «Күшіміз – бірлікте» акциясы өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Гвардейск, Тараз және Шымкент гарнизондарында барып қайтты.

Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әскери заңгерлер, психологтар, әскери инфрақұрылым басқармасының өкілдері топ құрамына кірді. Олар ел Президентінің армияны реформалау, техникалық жабдықтау, әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жоғары моральдық рухын сақтау жөніндегі талаптары мен міндеттерін түсіндіруде.

Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен кездесулер өткізіп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Ондағы айтылған мәселелердің кейбірі сол жерлерде шешілді.

Әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын қолдауға және оны арттыруға бағытталған тәрбие және идеологиялық жұмысты қайта қалыптастыру жүріп жатыр. Жастарға дұрыс тәрбие беру және идеология дегеніміз бейбітшілік, игілік, достық, отбасы және бақытты балалар сынды рухани құндылықтарға толы салауатты қоғамды қалыптастырудың басты кепілі. Сондықтан акцияға қатысты шараларда ең алдымен бірліктің және әскери борышқа адал болудың маңызды екенін айтылды, – деп атап өтті Серік Борамбаев.

Одан бөлек, акция барысында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы Қарулы күштердің жылжымалы әскери-тарихи музейінің жәдігерлері ұсынылып, шығармашылық ұжымдардың қойылымдары ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы