Ақтөбе облысы, BAQ.KZ. Жыл басынан бері облыс аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Қару» жедел алдын алу шарасы бірнеше кезеңде өтті.
Шараның негізгі мақсаты - атыс қаруы мен оқ-дәрі және жарылғыш заттарды заңсыз айналымнан алу.
Аталған шаралар барысында учаскелік инспекторлар азаматтық қарудың сақталуын қару иелерінің тұрғылықты жерлері бойынша жіті қарап, тексерді.
Облыс бойынша 8493 тіркелген қару иелері 100 пайыз тұрғылықты мекен жайы бойынша тексерістен өтті.
Осы мерзім аралығындағы іс –шаралар нәтижесінде 179 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді,оның ішінде 121-і қаруды сақтау мен ұстау талаптарына сай болмағандығы үшін және 58-і қаруды қайта тіркеу ережелерін орындамағаны үшін.
Жедел алдын алу шаралары барысында 15 бірлік заңсыз қару тәркіленді.
Ағымдағы жылдың 6 айында жүргізілген алдын алу шаралары нәтижесінде қару қолданып жасайтын қылмыстар көрсеткіші -35,7 пайызға әлдеқайда азайды.
2019 жылдың 6 айында Ақтөбе облысы полиция департаменті және оның құрылымдық бөлімшелері қызметтік және азаматтық қару айналымында заңды және жеке тұлғаларға барлығы 1377 рұқсат құжаттарын берді.
Көрсетілген мемлекеттік қызметтің баж салығы 2 млн 684 мың тенгені құрады.