Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

18 Шілде 2024, 18:00
849
Бөлісу:
Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...
Фото: автордан

Ақтөбе қаласында түрлі тағдырлар тоғысқан Қарттар үйі бар. Қазір бұл мекеме №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы деп аталады. Бұл орталықта қамқоршысы, жанашыры жоқ 128 қария мен мүмкіндігі шектеулі 85 адам тұрып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталыққа келетіндер кімдер?

Өмір деген біреуге қатал, біреуге тосын сыйы көп ұлы сапар. Осы сапарда түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, сан қилы тәлкекке түскен тағдырлар бар. Міне, осындай түрлі тағдарлар тоғысқан орталықта қазір 213 адам өмір сүріп жатыр. Олардың көбінің денсаулығы жоқ, бірқатарынан жақындары бас тартқан. Енді біреулері — жалғызбасты жандар.

№1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы сонау 1973 жылы ашылған. Содан бері бұл мекеме жанашыры жоқ жандардың баспанасы айналған. 250 адамға арналған орталық 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен. Қазір іші-сырты жаңартылып, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың алаңсыз өмір сүруіне барлық жағдай жасалуда.

Орталық директоры Асылбек Мұханбетқалидың айтуынша, мұнда 700-ден астам кітап қоры бар кітапхана, акт залы, асхана, емдік-дене шынықтыру кабинеті, тұз бөлмесі, бильярд ойнайтын орын мен үстел теннисі бар. Ғимарат алаңы аумағында воркаут алаң жасақталған. Қазір қариялардың бірқатары осы алаңда жаттығады, серуендейді.

Орталықта тұратын азаматтардың дені — өзге ұлт өкілдері. Олардың қатарында орыс, неміс, украин, татар, белорус, молдаван, чуваш, тәжік, қытай, тағы басқа да ұлт өкілдері бар. Сондай-ақ қазақтар да тұрып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында 29-ы І-топ мүгедегі болса, 56-сы — ІІ-топ мүгедегі. 213 адамның 128-і зейнетақы алады. Тұрғындардың жас ерекшелігіне келсек, ең жасы 35-те болса, жасы үлкені — 93-те.

Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

Менің бұл мекемені басқарғаныма биыл 4 жыл толады. Осы уақыт ішінде мұнда көп дүние жаңартылды. Мәселен, 2021-2022 жылы орталыққа күрделі жөндеу жүргіздік. Бұл мақсатқа бюджеттен 700 миллион теңге қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың шатыры, едендері ауыстырылды, жылу, электр жүйелері мен есіктері жаңартылды, орталық маңы абаттандырылды. Сондай-ақ ғимараттың сырты қайта қапталды. Ғимарат 2022 жылы желтоқсан айында толық пайдалануға берілді. Жалпы, ғимарат үш қабатты. Әр қабатта қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар денсаулық жағдайына, өзара тіл табысуларына қарай бөлініп, тұрып жатыр. Негізі, орталыққа қарттарды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жібереді. Қазір құжаттардың барлығы электронды нұсқада, сондықтан оларды тіркеп, мұнда орналастыруда ешқандай проблема жоқ. Негізі, мүмкіндігі шектеулі жандар да, қарттар да күтім жасайтын жақындары болмаған соң осында келеді. Кейбірі балалары болса да, оларға ауыртпалық түсіргісі келмей, орталықта тұрып жатыр, — дейді мекеме басшысы.

Асылбек Мұханбетқалидың айтуынша, орталықта қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға тазалықшылар, медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер күтім жасайды. Дәрігерлер күн сайын олардың денсаулық жағдайын бақылап отырады. Орталықта үш мезгіл тамақ беріледі, төсек-орындары, киім-кешектері апта сайын жуылады. Жалпы, мекемеде тазалық — бірінші орында.

Бүгінде орталықта екі дәрігер, екі психолог, 5 әлеуметтік қызметкер, 20 медбике, 20 тазалықшы, 3 аспазшы, екі шаштараз, бір тәрбие ісі жөніндегі ұйымдастырушы, сондай-ақ кадр жөніндегі инспектор мен кітапханашы жұмыс істейді.

Қазір мұндағы тұрғындардың бәрі — мемлекеттің қамқорлығында. Олардың зейнетақысы мен жәрдемақысының 70 пайызы есепшоттан ұсталады. Бұл қаржыға оларға дәрі-дәрмек, киім-кешек, гигиеналық құралдар, медициналық бұйымдар, төсек-орын жабдықтары сатып алынады. Ал қалған 30 пайыз қаржысы қалталарында болады.

Бүгінде ата-аналарының зейнетақысына ортақтасып, олардың күтіміне мән бермейтін азаматтар жоқтың қасы. Дегенмен туыстарына төлем карталарын беріп қоятын бірлі-жарым қариялар бар. Біз олардың қарым-қатынасына араласпаймыз, бәрін өздері шешеді. Жалпы, мұнда тұрып жатқан мүгедектердің дені — кезінде есірткі шегіп, ішімдік ішіп, қыс айларында қолы-аяғын үсіріп алғандар, көзі көрмейтіндер, сондай-ақ әр түрлі дертке шалдыққандар. Өкінішке қарай, олардың арасында сыртқа шығып кетіп, ешкімге білдіртпей ішімдік ішіп келетіндері де бар. Оларды әр секциядағы староста бақылап отырады. Тәртіп бұзса, көптің мазасын алса, бізге шағымданады. Қазір орталықта староста болып белсенді ата-әжелер тағайындалады. Жалпы, мекемемізде қарттар мен мүгедектерге тәртіп ортақ. Мұндағы адамдар бір-бірімен жақсы таныс, бір-бірінің өмір жолын жақсы біледі, бір-біріне қамқор, — дейді Асылбек Мұханбетқали.

Оның айтуынша, бүгінде орталыққа келетін еріктілер, қайырымды жандар, шығармашылық ұжымдары көп. Олар мерекелерде концерт қойып, қайырымдылық акцияларын өткізеді. Сондай-ақ қариялар облыстық драма театрына, мұражайға, Өнер орталығында өткізілетін іс-шараларға барады. Қайырымды жандардың көмегімен бірқатар қариялар мерекелерде мейрамханаларға барып, көңілін көтеріп, дастарқан басына жиналады.

Биыл 17 қария өмірден өткен

Орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Сәулехан Күнтілеуованың айтуынша, мекеме ғимаратына күрделі жөндеу өткізілгеннен кейін бұл жерде архив жасақталған. Архив қорында мекеме тарихы, мұнда тұрған азаматтар туралы деректер сақталған. Орталық ғимаратының іші-сырты бейнекамералармен жабдықталған.

Мекеме 250 орынға арналған. Сондықтан орталыққа келушілер саны 250 адамнан асып көрген жоқ. Біз орталыққа келген адамдарды алдымен 14 күн бойы карантинде жатқызамыз. Олармен психологтар мен дәрігерлер жұмыс жасап, денсаулық жағдайларын тексереді. Содан кейін бөлмеге орналастырылады. Орталықтағы медициналық бөлімде тұз бөлмесі, емдік-дене шынықтыру бөлмесі, карантин бөлмесі жасақталған. Ал қарияларымыз ауырып немесе басқа да жағдайлармен көз жұмса, оларды жерлеу рәсімімен арнайы ұйымдар айналысады. Алдымен қайтыс болған кезде орталық мешіттен имамдар келіп, жерлеу рәсімін жүргізеді. Содан кейін арнайы орынға апарып жерлейді. Мәселен, биыл жыл басынан бері орталықта 17 қария өмірден өтті, — дейді С.Күнтілеуова.

Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

Ал орталықтың аға медбикесі Гүлсара Бисалиеваның айтуынша, мұндағы қариялар мен мүгедектерге әр түрлі күтім жасалады. Оларға көмек көрсету үшін күн сайын 20 тазалықшы мен 10 медбике кестеге сәйкес кезекшілікке шығады. Әлеуметтік қызметкерлер қажет құралдарын әкеліп береді. 

Сондай-ақ Қарттар үйінде кардиолог, невропатолог, фтизиатр, психиатр мамандары жұмыс істейді. Егер қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар ауыра қалса немесе көрсетілімдері болса, жедел жәрдем шақырып, ауруханаларға жатқызылады. Мәселен, биыл жыл басынан бері көзі көрмейтін 14 адамға операция жасалған. Олар «Көз жарығы» орталығында ем алады.

Мұнда келіп түскендердің 70 пайызы — неврологиялық аурумен ауыратындар. Қазір 80 адам өз-өзін қамти алмайды, олар мамандардың көмегімен жүріп-тұрады, тамақтанады. Оларды күн сайын бір медбике, екі тазалықшы үнемі бақылауда ұстайды. Кезекшілік кезінде жуындырып, памперсін ауыстырады. 17 адамды медбикелер қолдан тамақтандырады. Таңертең бет-қолын жуып, төсек-орнын, киімдерін ауыстырады. Өкінішке қарай орталықтағы 80 адамның 27-сі төсек тартып жатыр. Оларды тазалықшыларымыз күнара суға түсіреді. Міне, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың тіршілігі осылай, — дейді аға медбике.

Жалақы аз, баспана жоқ...

Гүлсара Бисалиеваның бұл мекемеде жұмыс жасағанына 17 жыл болған. Ол 11 жылдан бері аға медбике болып қызмет етеді. Ол медбикелердің жұмысын үйлестіріп, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын қадағалайды.

Өкінішке қарай, бүгінде Қарттар үйінде жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлердің, медбикелер мен тазалықшылардың жалақысы аз. Олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге мемлекет тарапынан ешқандай жағдай жасалмаған. Мәселен, мұнда жұмыс істейтін мамандардың көбі пәтер жалдап тұрады. Араларында көп балалы аналар да бар. Аз жалақыға жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше күтім жасап, қамқорлық танытып отырған орталық қызметкерлерінің қазіргі жасап жатқан еңбегі орасан.

Біздің орталықтың күтушілеріне әлі күнге дейін демалысқа шыққанда емдеу-сауықтыру жәрдемақысы төленбейді. Күтушілер, тазалықшылар, күзетшілер 100-140 мың теңге аралығында еңбекақы алады. Олапрдың қатарында жағдайы жоқ, көп балалы, жалғызбасты аналар бар. Пәтер жалдап жүргендері қаншама?! Үй алатын жағдайлары жоқ. Сондықтан біздің орталықтың қызметкерлеріне жағдай жасалса екен деген тілегіміз бар. Мәселен, өзім 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Әлі кезегіміз келмеді. Отбасында 2 бала өсіріп, бүгінде солардан тараған немерелердің қызығын көріп отырмын. Осындай мекемеде жұмыс жасағаныма еш өкінбеймін. Бұл жердегі жандарға жан жылуы, қамқорлық керек, олар ерекше назар аударғанды жақсы көреді. Жалпы, бұл жерде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жауапкершілігі болса керек, олар бұл жерден кеткісі келмейді. Жалақысы аз болса да, жағдайы дұрысталмаса да, қызметкерлер қарияларды қимайды, оларға үнемі қолдау білдіріп отырады. Ал орталыққа келетін жастар өте аз. Келсе де көп уақыт жұмыс істей алмайды. Мұндағылардың бәрі — орта жастағы әйел адамдар. Жалпы, орталықта жұмыс істейтін ер адамдар өте аз, — дейді Гүлсара Бисалиева.

Аға медбике сөз арасында қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өзара келісімге келіп, мінезі үйлесіп, бір-бірін түсінген жұптар бар екенін жеткізді. Олардың арасында бірнеше жылдан бері бірге тұратындары да бар. 

Мәселен, орталыққа келген соң заңды некеге тұрған Байреденовтер, Есенамановтар, Майстришиндер отбасы бүгінде тату-тәтті өмір сүруде. Оларға орталық қызметкерлері әрдайым қолдау білдіріп, көмектесіп тұрады.

«Тағдырға өкпелемеймін...»

93 жастағы ақсақал Дмитрий Кушнир Қарттар үйіне былтыр келген. Отбасы, жақындары жоқ ақсақал — қазір мұндағы қарттардың ең үлкені. Құлағы дұрыс естімейді. Алайда шахматты жақсы ойнайды, күн сайын газет-журнал, кітап оқиды. Кітапханадан шықпайды.

Сұрап-білгеніміздей, бұл кісінің бала-шағасы жоқ. Жалғыз баласы ерте өмірден өткен. Былтырдан бері осында тұрып жатыр. Құлағы естімейді, сондықтан көпшілікке көп қосылмайды. Қарияның күн сайын келетін орны — кітапхана. Мұнда кітап оқып, өзімен-өзі отырады. Денсаулығы жаман емес, — дейді аға медбике Гүлсара Бисалиева.

Оның айтуынша, қарияның ендігі тілегі — елдің амандығы, жанның тыныштығы, ешкімге салмақ салмай, өмірден өту.

Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

Ал орталықта 14 жылдан бері тұрып келе жатқан Жанат Бекентаеваның айтуынша, Қарттар үйі — жанашыры жоқ қарияларға пана ғана емес, мақсаты, тілегі бір үлкен отбасы.

Бұл жерде біздің жағдайымыз жақсы, тамағымыз тоқ, керек-жарағымызды әлеуметтік қызметкерлер әкеп береді. Ешқандай мұқтаждық жоқ. Менің туған жерім — Қостанай облысы. Осы жерге тұрмысқа шығып, қалып қойдым. Жолдасым ерте қайтыс болды. 56 жаста бір қызым бар, алайда оның мені бағуға мүмкіндігі жоқ. Мен қазір 76-дамын. Зейнетақым өзіме жетеді. Тағдырға ешқандай өкпем жоқ. Бір бөлмеде өзім тұрып жатырмын. Қазір мұнда староста болып қызмет атқарамын. Қарттардың тәртібін, күн сайын уақытымен тамақтануын қадағалаймын. Ыстық, суық су, жарықпен қамтылуын бақылап отырамын. Қариялар болып әркез мерекелерде басқосулар өткіземіз, туған күнімізді ұйымдастырамыз, — дейді Жанат Бекентаева.

Айта кету керек, Жанат Бекентаеваның негізгі мамандығы — инженер-технолог. Бұрын мамандығы бойынша көп жыл жұмыс жасаған. Зейнеткерлікке шықққанына 20 жылдан асыпты.

Орал апаның оқиғасы

Орталық тұрғыны Орал Қосыбекова — ІІ топ мүгедегі. Оның Қарттар үйінде тұрып жатқанына 8 жыл болған. Бұрын Темір ауданы Кеңқияқ ауылында тұрып, шаруа қожалығында жұмыс істеген. Қыста аяз күндері қой бағып жүріп, екі қолын үсітіп алған. Он жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жан ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады.

Кеңқияқ ауылында шаруашылықта жұмыс істедім. Мал бағып жүріп тұманда адастырып кетіп, содан екі қолымнан айырылып қалдым. Мені құтқарушылар даладан 4 күннен кейін тапты, тікұшақпен облыс орталығындағы ауруханаға жеткізді. Әлі есімде, бұл оқиға 2014 жылы болған. Қасымда адам болмады, өзім қой соңынан жүре беріппін. Қой басын бұғып алып жайыла береді ғой. Содан үйден алыстап кеткенмін. Тоңған кезде екі аяғымды шөптің арасына тыға бергенмін де, екі қолымды қарамағанмын. Содан саусақтарым үсіп, жансызданып қалған. Алланың сынағы шығар, орталыққа 2016 жылы келдім. Бұл жерде спорт залға барамын, кітап оқимын, моншақтар мен бисерден түрлі әшекей бұйымдар жасаймын, ән айтамын. Орталықта көңілді, жанашыр азаматтар көп, — дейді Орал апа.

Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, Орал Қосыбекова Қарттар үйіне келгенде өте көңілшек болыпты. Біреу бірдеңе айтса жылап қалады екен. Оған психологтар көп көмек көрсеткен. Сондай-ақ өзі қатарлы қарттар ақыл-кеңестерін айтып, жұбатқан.

Өкінішке қарай, Орал апаның баласы мен жолдасы көп жыл бұрын жол апатынан көз жұмған. Анасы да өмірден өткен. Одан кейін тұрмысқа шықпапты.

Анамды бағып, содан қатарымнан қалып қойдым. Туыстарым жоқ, қазір өзім ғана қалдым. Мұнда біз көппіз, бәріміз бір үйдің адамдары сияқтымыз. Қазір бір секцияда 42 адам тұрып жатырмыз. Барлығымыз бір-бірімізге қамқоршымыз, жанашырмыз, — дейді Орал Қосыбекова.

Бірге туғанмен, бірге өлмек жоқ...

Жаңатай Жақасов Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына биыл қаңтар айында келген.

2007 жылы аяғы ауырып, мүгедектікке шыққан. Қазір ІІ топ мүгедегі ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Аяғына дәрігерлер протез салып берген, қазір балдақпен жүреді. Жалғызбасты азамат басқа барар жері болмаған соң осы орталыққа келгенін айтады.

Бұрын бірнеше медициналық мекемеме тіс дәрігері болып жұмыс істедім. Жеке пәтерім бар. Алайда маған күтім жасайтын адам жоқ, тамақ істеп ішуім қиын. 2007 жылы күтпеген жерден аяғымды ауыртып алып, содан көп қиындық көрдім. Отбасында 6 баланың үлкенімін. Қазір әкем бар, анам өмірден өтті. Бауырларымның барлығы Ақтөбеде тұрады. Өзімнің отбасым жоқ. Туған-туыстарыма ауырлық салғым келмейді. Олар мені жақсы көреді, сыйлайды, дегенмен әрқайсысының өз отбасы, жеке проблемалары бар. Оларға: «Мені бағыңдар, күтіңдер» деп айта алмаймын. Әркім өз отбасына жауапты. Бірге туғанмен, бірге өлмек жоқ. Мұнда барлық жағдайымыз жасалып жатыр, мен сияқты отбасы жоқ адамдар жетерлік. Үш мезгіл тамақтанамыз, киіміміз жуулы, тамағымыз пісірулі. Дәрі-дәрмек, қажетті тұрмыстық заттарымызды алып береді. Теледидар бар, кітапхана тәулік бойы ашық. Қыс, күз айларында жылы киіммен қамтамамыз етеді. Одан артық не керек? — дейді Жаңатай Жақасов.

Ел ағасы келер жылы зейнеткерлікке шығатынын айтады. Қазір жәрдемақысына күнелтіп отыр.

Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар...

Медбикелердің айтуынша, Жаңатай аға өте тазайын әрі ұқыпты екен. Мұнысын көпшілік оның дәрігер болғандығымен байланыстырады. Сондай-ақ мінезі ашық, әңгімешіл, адам жатырқамайды. Бізге де бар әңгімесін айтып, ағынан жарылды.

Сенбі-жексенбі күндері туыстарыма барып келемін. Ауа райы ашық болса, күн сайын таза ауада серуендеймін. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Өзімнің орталық қызметкерлерінің жасаған жұмысына көңілім толады. Бұл мекеме жалғыз тұратын, қамқоршысы жоқ адамдарға өте қолайлы. Барша орталық мамандарына ризамын, — дейді Жаңатай аға.

Міне, Қарттар үйіндегі қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайы осындай. Олар бір ауыз жылы сөзге, қол көмекке мұқтаж. Оларға байлық та, сән-салтанат та керек емес. Қолдау мен мейірім, жанашырлық пен қамқорлық керек.

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей, қарияларымызды қадірлей білейік! Ақсақалдарымыз бен кейуаналарымыздың қартайғанда мұндай орталықта емес, өз шаңырағында өмір сүруіне жағдай жасайық!

Р.S. Қазір қоғамда Қарттар үйінің қажеттілігі жөнінде екіұдай пікір білдіретіндер бар. Бір топ Қарттар үйін жабу керек десе, енді бірқатары барар жері, жанашыр жақындары жоқ жандарға мұндай мекемелер қажет дейді. Қалай десек те, қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар басқа тұратын жері болмаған соң осындай орталықтарға келуге мәжбүр. Оларға мемлекет қамқорлық көрсетеді. Ал ұрпағы бар қарттардың орны — қарашаңырағы. Жас ұрпақ өз ата-анасын, үйіндегі қартын көшеге тентіретіп жібермеуі керек. Бұл ретте кез келген адам «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген нақыл сөзді ұмытпағаны абзал...

«BAQ.KZ-тің» анықтамасы:

Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 280-нен астам орталық бар. Оларда21 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Тіркелген ұйымдардың саны жағынан бүгінде Шығыс Қазақстан облысы «көш бастап тұр». Ал аталған орталықтардың ең азы Ұлытау облысында тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы