Қарттар үйінде тұрып жатқан қариялардың 90%-ы – қазақтар

Бүгiн, 14:30
357
Бөлісу:
Қарттар үйінде тұрып жатқан қариялардың 90%-ы – қазақтар
Фото: Жалғасбек ТОҚТАМЫСОВ - архив

Қазақстанда қарттар үйінің саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков депутаттық сауалында айтып, қоғамды ойлануға шақырды. Қарттар үйіндегі қазақ қарияларының үлесі – 90%, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2023 жылдың соңында Қазақстанда 51 қарттар мен мүгедектер үйі жұмыс істеген. Оның 43-і мемлекеттік, 7-еуі жеке меншік, ал бір мекеме шетелдік жеке тұлғаның иелігінде. Қарттар үйлерінің ең көбі Шығыс Қазақстан облысында орналасқан – мұнда 11 мекеме бар. Жалпы, еліміздегі қарттар үйлерінде 6 824 адам тұрады. Оның 950-і Астанада, 905-і Шығыс Қазақстанда.

Депутаттың айтуынша, бүгінде қарттар үйінде тұрып жатқан қариялардың 90%-ы – қазақтар. Бұл қазақ халқының дәстүріне, ата-бабадан қалған құндылықтарына сай келмейтін үрдіс.

Сонау соғыс жылдары салынбаған жетімдер үйі мен қарттар үйі бүгінде бейбіт заманда көбейіп кетті. 90-жылдары дүкен сөрелері бос тұрған шақта да қарттар үйінде жатқан қариялар санаулы ғана еді. Ал қазір неге олардың саны артып барады? – дейді депутат.

Ата-анасын тастаған ұрпақтың болашағы қандай?

Депутаттың пікірінше, ата-анасын қарттар үйіне тапсыруға түрлі себеп айтылғанымен, ешқандай уәж ақталуға жатпайды.

Неге қарттар үйінің алдында зейнетақы төленетін күні қымбат көліктер қаптап кетеді? Неге ата-анасын қарау кейбіреулерге ауыр жүк болып көрінеді? Бірақ сол ата-ана қандай қиындық болса да, баласын ешқашан тастамады ғой! – дейді ол.

Қазақстан Республикасының “Неке және отбасы туралы” кодексінің 145-бабында кәмелетке толған, еңбекке жарамды балалар көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-анасын асырауға міндетті деп көрсетілген. Алайда, заң бар болғанымен, оны орындайтындар аз. 
Себебі:

  • Ешбір ата-ана өз баласын сотқа бергісі келмейді.
  • Қарт кісілер алимент талап етуге намыстанады немесе денсаулығы көтермейді.

Осыған байланысты, депутат заңның тиімділігін арттыру үшін жаңа шаралар қабылдауды ұсынды.

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков ата-анасына қамқорлық жасамаған, қарттар үйіне тапсырған адамдарға материалдық міндеттеме жүктеуді ұсынды. Оның ойынша, мұндай азаматтар өз жалақысының 50%-ын ата-анасының есепшотына аударуға міндеттелуге тиіс.

Сонымен қатар, 70 жастан асқан қариялардың атындағы жылжымайтын мүлікті басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салу қажет деп есептейді. Бұл оларды алдап-арбау арқылы баспанасынан айырғысы келетіндерге тосқауыл болар еді.

Қазақ «Әкең жынды болса, байлап бақ» дейді. Ата-анасын қадірлемеген адам өз тілін, ұлтын, жерін, елін сүюі мүмкін емес. Біз қарияларымызды қаңғытпай, аялауымыз керек! – деп түйіндеді депутат.

Өзгелердің жаңалығы