Босния мен Герцеговинаның Тузла қаласындағы қарттар үйінде кешкі уақытта өрт шығып, 10 адам қаза тапты, 20-ға жуық адам жарақат алды. Өрттің шығу себебі электр сымдарының ақауынан болуы мүмкін. Тергеу басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Еuronews басылымына сілтеме жасап.
Бұл қайғылы оқиға сейсенбі күні кешке Босния мен Герцеговинаның солтүстік-шығысында орналасқан Тузла қаласындағы қарттар үйінде болған өрт салдарынан орын алды.
Өрт жергілікті уақытпен сағат 20:45 шамасында ғимараттың жетінші қабатында тұтанған. Мекеме әкімшілігінің мәліметінше, жалын қабат бойынша тез тараған, ал Тузла мен көрші муниципалитеттерден келген кәсіби және ерікті өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында ғана жағдай бақылауға алынған.
Өрт ауыздықталды, бірақ оның салдары ауыр болды. Қаза тапқандардың арасында қызметкерлер көмек көрсетіп үлгере алмаған қарт тұрғындар бар, - делінген қарттар үйінің хабарламасында.
Оқиға орнына бірнеше медициналық орталықтан жедел жәрдем бригадалары жетті. Зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетіліп, кейін олар Тузла университеттік клиникалық орталығына жеткізілді. Жарақат алғандар арасында қарттар үйінің тұрғындары ғана емес, мекеме қызметкерлері, өрт сөндірушілер, дәрігерлер және құтқару операциясына қатысқан полицейлер де бар.
Босния мен Герцеговина билігі оқиғаның себебін анықтау үшін тергеу бастады. Бұл соңғы жылдардағы өңірдегі ең ауыр трагедиялардың бірі болып отыр. Алдын ала мәлімет бойынша, электр сымдарының ақауы мен өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы негізгі себептердің бірі ретінде қарастырылып жатыр.
Жергілікті тұрғындар қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтып, қарттар үйінің ғимараты алдына шырақ пен гүл шоғын қоюда.