Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған пресс-тур аясында BAQ.KZ тілшісі қарттар үйіне барды.
Қарттарға арналған жоба
Биылдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен «Birgemiz» деген атпен 9 түрлі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның бірі – «Birgemiz: Qamqor» жалпыұлттық жобасы.
«Birgemiz: Qamqor» жобасы қарттарды қолдау және олардың бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған. Жоба аясында республика бойынша 30 шағын грант бөлініп, 2 мыңға жуық волонтер тартылды, - деп Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Ғалым Құрман ақпарат берді.
Аталған жобаға арналған шағын гранттарға 9 млн теңге бөлінген. Яғни бір шағын грант көлемі – 300 мың теңге.
«Birgemiz: Qamqor» жобасының басты мақсаты – Қазақстан бойынша әлеуметтік қызмет беру орталықтарында волонтерларды жұмылдыру. Біз былтыр да осы жобаны жүзеге асырғанбыз. Ал биыл «Birgemiz: Qamqor» жобасы 3 жылға берілді, – дейді аталған жобаны іске асырып жатқан «Мархабат.KZ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дарын Сағдолдин.
Дарын Сағдолдин бұл жоба аясында былтыр Қазақстан бойынша 34 қарттар үйін аралап, әлеуметтік зерттеу жүргізгенімен де бөлісті. Оның айтуынша, әрбір қарттар үйінде адам саны кемінде 200-ден басталып 700-ге дейін баратын көрінеді. Сағдолдиннің айтуынша, Қазақстанның солтүстігінде қарттар үйі оңтүстіктегі аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Мысалы, Шымкентте бір-ақ қарттар үйі бар. Ол Түркістан облысына қарайды. Бірақ Шымкентте орналасқан. Қызылордада да бір қарттар үйі бар. Көбіне оңтүстік жақта қарттар үйі аз. Солтүстік, Петропавл, Шығыс Қазақстанда бестен, алтыдан қарттар үйі бар, - дейді спикер.
Ол сондай-ақ биыл «Birgemiz: Qamqor» жобасы үш жылға берілгендіктен, осы жоба атауымен волонтерларға арналған мобильді қосымша дайындалғанын айтты. Қосымшада қай жерде қандай мемлекеттік және жекеменшік қарттар үйі бар, қандай көмек керегі көрсетілетін болады.
Қарттардың жағдайы қалай?
Жаннұр Алмасқызы – «Birgemiz: Qamqor» жобасы бойынша Астана қаласынан шағын грант ұтып алған волонтер.
Осы жоба жайлы әлеуметтік желіден білдім. Кейіннен қыштан ыдыс жасаудан шеберлік сағаттарын өткізуді ұсынып, грант жеңіп алдым. Осы қарттар үйіне үшінші рет келдім. Қыштан ыдыс жасауды үйретемін. Маған қызық, әсіресе олардың эмоцияларын бақылаған ұнайды, - деді волонтер.
Қарттар қыштан ыдыс жасаудан бөлек, тігінмен де айналысады. Мысалы, қарттар үйінің тұрғыны Жанболат Бейсенбаев бала кезден білген іс тігуін әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келіп, қайта қолға алған.
Мен осы жерде экосөмке тігемін, жіппен картинка жасаймын, балалардың желеткелерін тоқып жатырмын. Мен бала кезімнен іс тігумен таныспын. Бұрын мамамның бастап кеткен ісін бітіріп қоятынмын. Бас кезінде дұрыс болмай қалады, қисайып кетеді. Бірақ анам ұрыспайтын. Өзім 25 жыл аспаз болған адаммын. Ауыл тарап, бәрі жабылған соң осы Астанаға келдім. Қарындасым алып келген, ол қайтыс болды. Сосын 2014 жылы осында орналастым, - деді ол.
Пресс-тур барысында қарттар үйінің тұрғыны Сағақ Уатханмен де сөйлестік. Ол қарттарға ұйымдастырылатын концерттерді сүйіп көретінін жеткізді. Қарияның қарттар үйіне қалай келгенін сұрадық.
Менің Астанада туыстарым бар, осы жерді солар тауып берген. Арасында келіп тұрады. Балам Қояндыда, өзім барып тұрамын. Баламмен тұрғанмын. Содан кейін үй тар болып, осында келдім. Жағдайым, тіршілігім жақсы. Өзім Моңғолиядан 93-те келгенмін. Одан бері талай жыл болды ғой. Осында 3 жыл тұрып жатырмын, - деді қария.