Қарқаралыда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы бейнеленген мурал пайда болды. Ағартушы бейнесі Тоқтар Әубәкіров көшесіндегі 60А үйінің қабырғасын безендірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мурал Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай жергілікті әкімдіктің бастамасымен құрылған.
Картинаның авторы – суретші Сәкен Дәулетбаев. Ол Тоқтар Әубәкіров пен Әлихан Бөкейханов бейнеленген Қарқаралыдағы тағы екі муралдың авторы.
– Бүгін, 5 қыркүйек – ұлт ұстазы, түрколог, "Алаш" қозғалысы мен партиясының қайраткері, ұлттық жазу реформаторы, қазақ тілі мен әдебиеті ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні, – дейді Қарқаралы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жұмаханова. – Көрнекті ғалым қазақ қоғамының дамуына қомақты үлес қосты. Ол халықты білімге шақырды, керемет публицист, ізденуші ғалым, жанқиярлық саясаткер болды. Біз осы атаулы күннен тыс қала алмадық және оның бейнесін қаламызда мәңгі қалдыруға шешім қабылдадық.
Сондай-ақ, бүгін Қарқаралыда ғалымның 150 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Қала басшылығы, мәдениет қызметкерлері, педагогтар мен мектеп және жергілікті колледж оқушылары "Алаш арыстары" ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Ал 7 қыркүйекте Ақтерек ауылында театрландырылған қойылым көрсетіліп, ағартушының мерейтойына арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.