Мемлекет басшысы «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьевті қабылдады, деп хабарлайды BAQ,KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Андрей Лаврентьев компанияның биыл атқарған жұмысының алдын ала нәтижелері мен инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың негізгі бағыттарын таныстырды.
Компания қызметінде оң динамика байқалады. Екі жылда болат өндірісі 22 пайызға, көмір концентраты 26 пайызға, темір кені 32 пайызға артты.Өнімнің өзіндік құны 28 пайызға арзандап, шығарылатын маркалардың түрі 260-тан 350-ге дейін ұлғайды, – деді «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы.
Лаврентьев 9 ірі инвестициялық жобадан тұратын кешенді бағдарламаны жүзеге асыру жайында баяндады.
Бұл бастама елдегі болат өндірісін жүйелеп, металл прокаты импортын төмендетуді көздейді. Бұдан бөлек, болаттың жоғары сапалы жаңа маркаларын, соның ішінде атом электр станциясының құрылысына арналған өнім шығару жолға қойыла бастады, – деді ол.
Сондай-ақ ол көмір және тау-кен бағытын дамыту бағдарламасын таныстырды.
Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік бастамаларға баса мән берілді. Qarmet компаниясына қарасты медициналық және білім беру ұйымдары жаңғыртылып жатыр. Компания мен кәсіподақтар арасында жаңа ұжымдық келісімшарт жасалды. Құжат 35 мың еңбеккерге әлеуметтік кепілдік беруді қарастырады, – деді Лаврентьев.
Qarmet жанынан ірі металлургиялық кластер құрылып жатқаны туралы да айтты.
Бұл шағын және орта кәсіпорындардың шикізатты терең өңдеумен айналысуына мүмкіндік береді. Бағдарлама «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингімен бірге іске асырылмақ, – деді Андрей Лаврентьев.
Сондай-ақ машина жасау зауыттарының өндіріс барысында отандық болатты пайдалануы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Президент Qarmet металлургия кешенінде атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, даму жоспарына қолдау білдірді.
Сонымен қатар кәсіпорынды жан-жақты жаңғырту, әлеуметтік мәселелерді шешу, экологиялық жағдайды жақсарту, машина жасау өндірісін жандандыру шараларын жалғастырудың маңызына тоқталды.