Мыңға жуық көлік жолда кептеліп қалды. Полиция оларды арнайы колоннамен қауіпсіз аймаққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауы республикалық маңызы бар Қарағанды – Астана тасжолында күрделі жағдай туғызды. Қарлы боран мен көрінудің төмендеуі салдарынан Теміртау маңында көлік қозғалысы шектеліп, жолда ұзын-сонар кептеліс пайда болған.
Жағдайды бақылауға алу үшін патрульдік полиция жедел түрде колонналық қозғалыс ұйымдастырды. Теміртаудан Ақмола облысының шекарасына дейін көліктерді үш экипаж бастап жүрген. Ал алдыңғы шепте "ҚазАвтоЖол" АҚ-ның арнайы техникасы жолды қардан тазалап отырды.
Полиция колоннадағы тәртіпті қатаң қадағалап, жылдамдық пен арақашықтықтың сақталуын бақылауға алған. Қозғалыс басталар алдында жүргізушілерге қауіпсіздік талаптары түсіндірілді.
Ресми мәліметке сәйкес, колонна қозғалысы басталған кезде Теміртау маңындағы ақылы жол бекетінде шамамен мыңға жуық көлік жиналған. Ұйымдастырылған сүйемелдеу арқылы жолдағы жүктеме біртіндеп азайтылып, көліктер ешбір төтенше жағдайсыз облыс аумағынан шығарылды.
Қазір тасжолдағы ахуал полиция мен жол қызметтерінің тұрақты бақылауында. Қозғалысқа қатысты шешімдер ауа райына байланысты қабылданып жатыр.