Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасы қоғаммен ашық талқылау нәтижесінде жетілдірілгенін айтты. Оның сөзінше, азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс түсіп, олардың едәуір бөлігі құжат мәтінінде көрініс тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл жаңа мәтін бойынша жан-жақты талқылау өткенін, қоғам тарапынан үлкен қызғушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенділік танытқанын көрсетеді. Жаңа Конституциялық жоба жарияланғаннан кейін келіп түскен ұсыныстардың негізінде тағы да қосымша нормалар, басқа да редакциялық, стилистикалық өзгерістер енгізілді. Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап және түсініктеме беріліп отырды. Осылайша Мемлекет басшысының "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидат негізінде қоғаммен кері байланыс орнатып, азаматтардың ұсыныс пен пікірлері мүмкіндігінше ескерілді, - дейді Ерлан Қарин.
Қарин келіп түскен барлық жүйелі ұсыныстар Конституция мәтінінде көрініс таптқанын айтады.
Сондықтан әр өңірден, түрлі саладан жиналған 130 адамнан тұратын Комиссияның ашықтығы негізінде, мыңдаған азаматтың мазмұнды ұсыныс-пікірлерін ескере отырып әзірленген жаңа Конституция жобасын халықтық Конституция деп айтуға толық негіз бар. Осылайша, біз мемлекет пен қоғам тұтастығының, бірлігінің жаңа үлгісін көрсеттік. Болашақта жаңа Конституция азаматтардың қолдауымен референдумда қабылданып жатса, бұл тек құқықтық құжат емес, жалпыұлттық идея мен құндылықтар тұрғысынан қоғамдық бірліктің іргетасына айналады деп сенім білдіргім келеді, – деді ол.
Ерлан Қарин жаңа Конституция тұңғыш рет қазақ тілінде – мемлекеттік тілде әзірленіп, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылғанын айта өтті.
Екіұшты мәселелер туындаған жағдайда Ата Заң жобасының мемлекеттік тілдегі мәтіні негізге алынды. Конституция нормаларының мәні нақтыланып, түрлі шешімдерге негіз болатын кемшіліктер жойылды. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды әрі күрделі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жаңа Ата Заңның мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды, – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Конституциялық комиссияға 10 мыңнан астам өтініш түскен.