Бүгін Сенат «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин заңға қатысты пікірін білдірді.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған болатын. Көп ұзамай Мәжіліс депутаттары жаңа құжатты әзірлеуге кірісті. Бұл жұмысқа Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене атсалысты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаның күшейтілуі және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түрлі шаралардың белгіленуі заңның негізгі жаңашылдығы деп атауға болады, - деді ол.
Ол әйелдер мен балалардың іргелі құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттағы басымдықтың бірі екенін атап өтті.
Бұл мәселе қашанда Мемлекет басшысының басты назарында. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықты ымырасыз күрес жүргізуді қажет ететін әлеуметтік кеселдің бірі ретінде атап өтті, - деді Қарин.