Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оралда уланды деген күдікпен төрт бала ауруханаға жатқызылды, деп жазды inform.kz.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі түскен мәліметінше, оқиға 12 шілде күні болған.
Ата-аналарының сөзіне қарағанда, балалар 9 шілде күні қарбыз жеген. Салдарынан 11, 9, 6 және 1 жасар бала облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр. Оларға өткір гастроэнтероколит деген диагноз қойылды.
Алайда дәрігерлер балалар қарбыздан уланды дегенге күмәнмен қарап отыр. Өйткені арада бірнеше күн өткен.
Балалар 11 шілде күні ауыра бастаған. Алдымен 1 жасар бала сырқаттанған, бірақ ол қарбыз жемеген. Сондықтан қарбыздан уланғандарына үлкен күмән бар. Қажетті талдаулар алынды, соның қорытындысына сәйкес аурудың нақты себебі белгілі болады, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.