Қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды: Смайылов сұрау қатаң болатынын айтты

5 Маусым 2024, 19:00
506
Бөлісу:
Қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды: Смайылов сұрау қатаң болатынын айтты
Фото: Арман Мухатов

Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 2023 жылы республикалық бюджеттің қалай атқырылғаны туралы Үкіметтің есебіне Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Жұмыс ашық болады"

Біз атқарып жатқан жұмысымызды барынша ашық етуге бет бұрдық. Аудит нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында толығырақ жариялай бастадық. Тексерулерге сарапшылар қоғамдастығы да тартылып жатыр, - дейді Смайылов.

Оның сөзінше, бұл аудиторлық іс-шаралар қорытындыларының объективтілігіне қатысты мәселелерді ысырып, мемлекеттік аудит жүйесіне деген сенімді арттырады.

Ал депутаттардың тікелей қолдауымен Жоғары аудиторлық палатаға берілген жергілікті бюджеттерді тексеру құқығының арқасында бюджет қаражатын алатындар сыртқы аудиттің назарынан тыс қалмайды. – деп түсіндірді еліміздің бас аудиторы.

Жоғары аудиторлық палата қандай қорытындысы жасады?

2023 жылы стратегиялық жоспарлауда үлкен өзгерістер болды. Ұлттық жобалардың саны үшке дейін қысқарды. Бұл кідіруді күттірмейтін дамудың басым бағыттарына назар аудару үшін жасалып отыр. Яғни, қойылған мақсаттарды іске асыру үшін қаржылай қамтамасыз ету жеткілікті көлемде болуы қажет. Қазір жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізбесе, мемлекеттік органның өзі жеке жауап береді. Демек қаражат жетпей қалды деп ақтала алмайды, - дейді Әлихан Смайылов.

Дегенмен уақытылы орындалу проблемалары әлі де сақталып отыр.

Мысалы, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасына 2023 жылға көзделген қаражат толық көлемде берілді. Бірақ оның тек 38%-ы ғана игерілген.

Қаражатты барынша үнемдеп отырған уақытта мұндайға жол беруге болмайды. 37 жобалау-сметалық құжаттама бірыңғай стандарт бойынша уақытылы әзірленбеген. Осы жылдың сәуір айындағы деректерге сәйкес жобалауға және құрылысын толық аяқтау үшін жасалған 207 шарттың тек 26 жобасына ғана ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысы берілген, - деп айтты Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Іс жүзінде жобалау-сметалық құжаттамасыз объектілердің бірінші қабаттары тұрғызылып, құрылысы басталғандардың жартысының іргетасы қаланған.

Смайыловтың айтуына қарағанда, "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасында да белгіленген мақсаттардан артта қалу байқалады.

227 объект бойынша жобалау аяқталмаған. Жыл басындағы жағдай бойынша объектілердің 17%-ы пайдалануға берілмеген. Бюджеттің әрбір теңгесі қаражат тапшылығы жағдайында қарастырылғанын еске салғым келеді. Сол кезеңде мен Премьер-министр болғандықтан, бұл мәселені өте жақсы білемін. Баламалы қаржыландыру көздері бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл басым міндеттерді ресурстармен толық қамтамасыз ету үшін жасалған болатын. Бюрократиялық кедергілер алынып, ұлттық жобаларды уақытылы іске қосу үшін барлық жағдай жасалды. Сондықтан Жоғары аудиторлық палатаның басшысы ретінде өз міндеттеріне немқұрайлы қараған бюджеттік әкімшілерден сұрау қатаң және әділ болады деп сендіргім келеді, - деді ол.

Сандар цифрландырылады

Биыл депутаттардың ұсынысы бойынша мемлекеттік ресурстардың жұмсалуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйене отырып қарауды жалғастырдық. Жоспарланған макроиндикаторлардың жартысына жуығын статистиканың кеш қалыптасуына байланысты бағалау мүмкін болмады. Қажеттілікке қарамастан, өкінішке қарай, статистика жүйесінде сапалы өзгерістер бола қойған жоқ. Цифрландырудың дамыған заманында статистикалық деректерді бір жыл және одан да көп уақытқа кешігіп әзірлеу орынсыз деп есептейміз, маңызы мен құндылығы жоғалады, - деп санайды Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Барлық көрсеткішке қол жеткізуді нақты уақыт режимінде бақылау үшін оларды толық цифрландыру жоспарын тездету өте маңызды.

Бұл қойылған мақсаттарға қол жеткізу барысында ауытқуларға жол бермеу үшін сапалы әрі нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Смайылов ұсынысы

Әлихан Смайыловтың сөзінше, бюджеттік әкімшілер экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренді. Алайда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту призмасы арқылы әлеуметтік қолдауды, базалық әлеуметтік кепілдіктерді бағалау ескерусіз қалып отыр.

Іс жүзінде бюджетті қалыптастыру кезінде де, оны атқару кезінде де мұндай бағалауды ешкім жүргізбейді. Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында орын алып отыр. Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады, - деп айтты ол.

Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет.

Жобалар уақытылы іске асырылып жатыр ма?

Әкімдіктерге өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен жекелеген жағдайларда қаражаттың орталық деңгейде жоғары игерілуі өңірлерде төмен нәтиже көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенциялар шамамен 5 трлн теңгені құрап отыр. Олар соңғы 3 жылда екі еседен артық өскен, - деді ол.

Айтуынша, орындалуы 98%-дан жоғары болып отырған нысаналы трансферттер де шамамен тағы 2 трлн теңгені құрады.

Ал іс жүзінде қалай? Іс жүзінде бюджеттік тәртіп төмен деңгейде. Тек төрт өңірде, яғни Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізілген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ы бойынша құрылыстың нормативтік мерзімдерінің сақталмағаны анықталды. Кейбір жобалардың іске асырылуы 10 жылға дейін созылып келеді. Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан аса қымбаттағаны анықталып отыр, - деп айтты Жоғары аудиторлық палата төрағасы.

Ал қалған маңызды инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудағы өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек.

Осы төрт өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған.

Сондай-ақ өңірлерде өте маңызды және қажетті объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері болып отыр. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан, атап айтқанда, жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан, 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған "Орталық" қазандығы пайдаланылмай тұр.

Жезқазған қаласында 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған.

"Тәртіп орнату керек"

Бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда тәртіп орнату керек. Жобалардың орындалу мерзімін ұзартуды және олардың қымбаттауы тәжірибесін шектеу қажет. Жоспарлаудан бастап оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімдерді қысқартқан жөн. Бюджеттік әкімшілерге міндетті түрде типтік жобаларды қолдану жүктелуі тиіс, - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.

Мұндай жобалар бойынша жоспарлаудың, қажетті сараптамалар мен рұқсаттар алудың жеделдетілген рәсімі болуы тиіс.

Осы жобалардың құнын мониторингілеу үшін олардың ықтимал қымбаттауын IT-шешімдерді қолдану арқылы қадағалауға болады.

Бұл болашақта жобаның қымбаттауына байланысты рәсімдерден өту қажеттілігін алып тастамаса да, кем дегенде оларды қысқартуы мүмкін.

Өнім жеткізушілерді айқындау барысында адами фактор барынша болмауы тиіс. Бұған тек цифрлық шешімдерді қолдану арқылы қол жеткізуге болады.

Смайыловтың айтуынша, жобалардың субъективті себептерге байланысты қымбаттау ауыртпалығы тек мердігерлерге жүктелуі қажет. Ал тапсырыс берушілер тарапынан жобалардың іске асырылу мерзімдеріне ықпал етіп, олардың сметалық құнының ұлғаюына әкеп соққан кідіріс мемлекеттік қызметке кері әсер ететін теріс қылықтар санатына жатуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы