Қаражанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылды – әкім

11 Маусым 2024, 19:01
394
Бөлісу:
Қаражанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылды – әкім
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

11 маусым күні аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен өткен аппарат отырысында өңір тұрғындарын ауыз сумен қамту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Әбдеш Түрікменбаевтың баяндауынша, биыл Ақтау қаласы мен өңірлердегі ауыз су тапшылығын азайтатын бірқатар жобаларды аяқтау жоспарланып отыр.

Мәселен, маусым айының соңына дейін «МАЭК» ЖШС аумағында тәулігіне 6000 текше метр су тұшытатын қондырғылары іске қосылса, «СК-А-Строй» ЖШС өзінің су тұшыту зауытының қуатын 5000-нан 10000 текше метрге дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен салынған қуаттылығы тәулігіне 4000 текше метрді құрайтын су тұшыту қондырғысы да тамыз айында пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ алдағы тамызда айында «Каспий су тұшыту зауытының қуаттылығын тәулігіне 20 000-нан 40 000 текше метрге дейін ұлғайту» жобасы аяқталады. Сәйкесінше, тамыздан бастап Ақтау қаласына тәулігіне қосымша 6000 текше метр ауыз су берілмек. Қалған су көлемі Мұнайлы және Қарақия аудандарына, жылы жағажай нысандары мен өндірістік аймақтарға жіберіледі.

Сонымен қатар, Мұнайлы ауданы тұрғындарының жазғы маусымдағы ауыз су тапшылығын шешу үшін Баянды ауылындағы су тұщыту қондырғысы арқылы тәулігіне қосымша 3000 текше метр ауыз су беру жоспарлануда.

Ал 20 маусымға дейін жеке инвестордың салып жатқан су тұшыту қондырғысы арқылы Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарын қажетті мөлшерде тіршілік нәрімен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Форт-Шевченко қаласы мен оның маңындағы елді мекен тұрғындары үшін салынып жатқан қуаттылығы тәулігіне 5000 текше метр су тұщыту қондырғысының құрылысы шілде айының соңында аяқталады. Құрылыс жұмыстары 80% орындалды.

Қаражанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылды. Сыйымдылығы – 17 мың текше метр. Нәтижесінде “Астрахань-Маңғышлақ” су құбырынан артылатын 15 мың текше метр суды облыстың елді мекендеріне жіберу жоспарлануда. Осының есебінен Жаңаөзен қаласын, Бейнеу ауданындағы Бейнеу ауылын, Қарақия ауданындағы Жетібай, Мұнайшы, Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылдарын сумен қамтуды жоспарлап отырмыз. Түпқараған, Мұнайлы аудандарындағы су тапшылығын бюджет қаражатына салынған және жеке инвесторлардың жобалары арқылы жабамыз деген ойдамыз. Қазір облыстағы су тапшылығы шамамен 40 мың текше метр болса, тамыз айына дейін 5-7 мыңға дейін қысқарту жоспарлануда. Ақтау қаласы мен өңірлердегі елді мекендерді сумен қамту мәселесі 2025 жылы толығымен шешіледі, - деп атап өтті Әбдеш Түрікменбаев.

Жиынды қорытындылаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жазғы уақытта ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында биылға жоспарланған жобаларды жүзеге асыруды жеделдетуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы