Қаратал ауданындағы «Qazyna» инновациялық фермасы былтырдан бері асыл тұқымды қой шаруашылығын жолға қойып, ағылшынның қазақ жеріне бейімделген Гемпшир тұқымын республика көлемінде таратуды бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің әлімдеуінше, осылайша ферма түрлі бағыттағы асыл тұқымды қойлардың генофондын қалыптастыруға үлес қосуда.
Ферманың негізгі базасы Жетісудың Лепсі өңірінде орналасқан шаруашылықта жалпы 5 мыңдай қой өсіріліп отыр. Ал Қаратал ауданы аумағындағы зертханасында қазір 130 бас қошқардан ұрық алу процесі жүруде.
Ферманың басқарушысы, зертхана директоры Серік Мұқановтың айтуынша, Мыңбаев ауылындағы Қ.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институтымен, Алматы мен Астанадағы ғылыми зерттеу орталықтарымен, селекционерлермен бірлесіп жүргізілген жұмыстар қазір өз нәтижесін беріп отыр. Шаруашылықта қойдың Суффолк пен Гемпшир түрлерін будандастыру арқылы асыл тұқымды Гемпширдің еліміздің климатына бейімделген түрін шығарған. Алғашында түгелдей қоңыр жүнді болып туған төлдің өсе-келе қоңыр жүні тек басы мен аяғында ғана қалады екен. Бұл будандастырылған тұқымның төлі осы өңірде туғызылып, өсірілген. Қазір одан алынған ұрық ел аумағына таратыла бастаған. Болашақта қазақтың Еділбай тұқымды қойына да басымдық беруге ниеттіміз дейді ол.
Гемпшир негізінен - етті қой тұқымы. Бұл өзгелерден салмағымен ерекшеленеді, мәселен 1 қой 100-150 кг дейін тартады, соның 60%-інен таза ет шығады. Етінің дәмі де ерекше. Өзі тез өсіп-жетілетін тұқым. Біз қойға берілетін азық рационын қатаң бақылаймыз. Арнайы мамандар мал азығы құрамындағы микроэлементтерді түгендеп беріп отырады - дейді С.Мұқанов.
Фермадағы арнайы зертханада қой ұрығын алып, тиісті температурада сақтауға қажетті барлық жағдай жасалған.
Жалпы мұнда бір қойдан күніне 2-3 мл ұрық материалы алынады. Оған арнайы қоспаларды араластырғанда 8 миллилитрге жеткізіледі, сосын мұздатылып, азотта сақталады. Оны 20 жылға дейін сақтауға болады, - дейді ферма зертханашы Динара Байчалова.
Жуырда қой ұрығының 40 мың дозасы Жамбыл облысына жөнелтілді. Қазір 150 мың доза дайын тұр. Бұл ретте Қостанай, Павлодар, Маңғыстау аймақтарынан да сұраныс түскен.
Ферма қошқар басын көбейтіп, Чехиядан, Британиядан тағы 3 бас асыл тұқымды қой алдыруда.
Жалпы шаруашылықта 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Олар - зертханашылар, малшылар, мал азығын дайындайтын нысанның құрылысын жүргізіп жатқан мамандар және т.б.
Бұл жобаға әзірге 280 млн. теңге инвестиция салынған, алдағы уақытта оның көлемі әлі де арттырылады.