Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Канадалық инвестор «CANNAMEDICA» компаниясы Жамбыл облысында каннабис майын өндіретін жобаны жүзеге асыруға ниет танытуда. Бұл май денсаулық сақтау саласына қатысты, обыр, буын, өкпе, көз, эпилепция секілді ауруларға таптырмас емдік қасиетке ие екен.
Компанияның бақылау кеңесінің мүшесі Абуладзе Константиннің айтуына қарағанда, зауыт қалдықсыз технология жүйесіне негізделмек.
«Негізгі өнімнен қалған қалдықтан қағаз, мата, биоотын шығаруды көздеп отырмыз. Ал, өнімдер Еуропа, Канада, Қытай елдеріне экспортталатын болады. Алғашқы кезеңде 500 тонна, екінші кезеңде 1000 тонна, уақыт өте 5000 тоннаға дейін қарасораны игеруге күш саламыз», - деп уәде етіп отыр А.Константин.
Компания өкілдері егер келісім болса зауыт құрылысын алдағы үш жылда толығымен аяқтап, жұмысты бастауға болатынын айтады.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Исабекұлы жергілікті биліктің жобаны қолдауға дайын екендігін жеткізді.
«Алайда, зауыт негізінен есірткісіз өнім өндіруге бағытталуы тиіс. Ол үшін алдымен халықаралық ұйымдамдардың арнайы рұқсатын алу – жұмысты жүйелей түсуге мүмкіндік бермеді», - деп ескертті Асқар Исабекұлы.
Аймақ басшысы, сондай-ақ компания өкілдерінен өнім өндіру технологиясын, өнім құрамы туралы толық түсінік беруді талап етіп, жұмыстар аяқсыз қалып немесе нәтижесіз болмауы үшін арнайы екі жақты меморандум жасасуды ұсынды. Ол меморандумда тараптардың міндеттері мен талаптары нақты белгіленбек.
Айта кетейік, жоба жүзеге асқан жағдайда негізгі жұмыс күші жергілікті тұрғындардан тартылады. Ұсынысқа қарай қажетті мамандарды дайындауға жергілікті билік барынша атсалыспақ.