Оралда қарасора өсірумен айналысқан адвокат Тимур Әйтиев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тимур Әйтиевке ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. Атап айтқанда, есірткі заттарын заңсыз иемдену және сақтау, оларды өткізу мақсатында өсіру, сондай-ақ қаруды заңсыз сақтау бойынша.
Сот анықтағандай, Әйтиев танысы М.Бекқалиевпен бірге Оралдың шетінде орналасқан Деркөл кентінен жеке үй сатып алып, онда каннабис өсіруді ұйымдастырған. Олар есірткіні әрі қарай сату және жеке тұтыну үшін өсірмек болған. Іске тағы екі адам — Б.Қуанышқалиев пен А.Аймағамбетов тартылған.
2021 жылы олар үйді арнайы жабдықтап, интернет арқылы тұқым мен тыңайтқыш сатып алған. Сол жылдың қыркүйегінде каннабис өсіру басталып, марихуана алынған. Сонымен қатар, заңсыз жолмен қару мен оқ-дәрі де иемденген. 2022 жылдың қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қылмыстық топты ұстады. Тінту кезінде 96 түп қарасора, марихуана салынған сөмкелер, гашиш және аңшы мылтығы табылды, - делінген сот хабарламасында.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келген. Сот шешімімен ол 6 жылға қауіпсіздігі орташа мекемеге қамалды. Қалған қатысушылар бұған дейін түрлі мерзімге сотталған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.