1 маусымнан бастап республика аумағында қарасораны өсіруге, дайындауға және елдің оңтүстік өңірлерінен әкетуге қарсы, сондай-ақ есірткіні, олардың жаңа түрлерін таратуға маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған “Қарасора” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Іс-шараларға ІІМ, Ұлттық ұлан және Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімшелері жұмылдырылды. Өткен жылдан бастап өздігінен ұшатын аппараттар белсенді қолданылып келеді.
Бұдан басқа құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ареалдарын ғарыштық бақылау бойынша “Қазақстан ғарыш сапары” мүмкіндіктері кеңінен пайдаланылуда.
“Қарасора” арнайы операциясы өткен бір ай ішінде полицейлер 221 қылмысты анықтады, оның ішінде: 83 өткізу фактісі, 29 аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз сақтау фактісі, құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсірудің 82 фактісі. 4 есірткі зертханасы анықталды. Заңсыз айналымнан бір тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 614 кг марихуана, 29 кг гашиш, 4 кг синтетика және шамамен 1 кг героин, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Осылайша, Жамбыл облысында 232 келі марихуана дайындаған жергілікті тұрғын ұсталды.
Тұрғылықты жерін тінту кезінде сарайда салмағы 24,5 кг гашиш және 12 кг кептірілген марихуана салынған қап табылды.
Қостанай облысында Рудный қаласының тұрғынынан 2,5 кг гашиш тәркіленді.
Есірткіден басқа ұсталған адамнан жауынгерлік тапанша, аңшылық шолақ мылтық, 200-ден астам патрон, теңге және АҚШ доллары түрінде қомақты ақша табылды. Түркістан облысында екі есірткі алқабы, оның ішінде 10 600 түп апиын көкнәрі және 840 түптен астам қарасора өсімдігі жойылды. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің жалпы салмағы шамамен 230 кг құрады.
Алматы облысының Қонаев қаласында салмағы 50 кг-ға жуық бір мыңнан астам түп қарасора өсірген жергілікті тұрғын тұрғылықты жері бойынша ұсталды. Алматы қаласында Жамбыл облысы Шу ауданының екі тұрғыны құрықталды, олар өткізу мақсатында салмағы 90 кг марихуана және 2 кг гашишті қалаға әкелген. Екібастұз тұрғынынан қарасора өсіруге арналған құрылғы екі “grow box” және отырғызылған қарасорасы бар 11 ыдыс тәркіленді. Жалпы салмағы 40 кг болатын құрамында есірткі бар өсімдіктердің 110 түбі дәлел ретінде алынды.
Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және бақылауда, – деді спикер.