Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі "Сардарбек" балабақшасы – ауылдағы ғана емес, бүкіл аймаққа үлгі боларлық ерекше оқу-тәрбие ошағы. Бұл балабақшаның тарихы да тағдырлы: қарапайым үйден бастау алып, бүгінде жүздеген бүлдіршінге қуаныш сыйлап отырған үлкен шаңыраққа айналды. Қарашаңырақта дүниеге келіп, балалық шағын сонда өткізген Қуанышкүл Сардарбекқызы Желдербаева қазір осы үйдің орнына салынған балабақшада әдіскер болып еңбек етеді. BAQ.KZ тілшісі Қуанышкүл Сардарбекқызымен сұхбаттасып, оның еңбек жолы, балабақшаның қалыптасу тарихы, бала тәрбиесіндегі қағидаттары туралы әңгімелескен еді.
– Қуанышкүл Сардарбекқызы, әңгімені өзіңіздің еңбек жолыңыздан бастасақ. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мен үшін балабақша – жай ғана жұмыс орны емес, өмірімнің мәніне айналған ерекше орта. Балалық шағым өзімнің ата-анамның қара шаңырағында өтті. Қазір сол қарашаңырақта салынған «Сардарбек» балабақшасында еңбек етіп жүрмін. Әрине, ол кезде бұл үйдің болашақта жүздеген бүлдіршіннің шаттығына толы болатынын елестеткен де емеспін. Бірақ тағдыр солай тоғыстырды.
Жастайымнан балаларға деген махаббатым ерекше болды. Олардың әрбір күлкісінен, әрбір тәтті қылығынан қуат алатынмын. Сондықтан да өзімнің кәсіби жолымды осы салаға арнауды таңдадым.
Алғашқы еңбек жолымды ауылымыздағы ПМК-30 балабақшасында тәрбиеші болып бастадым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Онда тәжірибелі ұстаздардан үйреніп, бала тәрбиесінің қыр-сырына қанықтым. Әр балаға қамқор болуды, олардың ерекшелігін түсінуді сол жерден үйрендім.
2010 жылдың қазан айында туған ауылымдағы жаңа ашылған «Сардарбек» балабақшасына орналасқаным – тағдырдың ерекше сыйы. Бұл жердің маған жақындығы да ерекше: себебі ол – әке-шешемнің қара шаңырағының орны. Алғашқы кезде тәрбиеші ретінде жұмыс істеп, әр бүлдіршінмен етене араластым. Ал 2013 жылдан бері әдіскер қызметін атқарып келемін. Бұл – үлкен жауапкершілік, себебі тек балалармен емес, бүкіл ұжыммен жұмыс істеуді, тәрбиешілердің кәсіби дамуын үйлестіруді қажет етеді.
Мен үшін осы жол – бала кезден басталған арманымның жалғасы іспетті. Бүгінде балабақша – екінші үйім, ал балалар – өз перзенттерімдей.
– Бұл балабақшаның тарихында ерекше тағдыр жатыр дедіңіз. Қарашаңырақты балабақшаға айналдыру идеясы қалай пайда болды?
– Иә, шынымен де бұл балабақшаның іргетасы тек кірпішпен емес, жүрек жылуымен қаланған десем, артық айтқаным емес. Ол кезде ауылда балабақша болған жоқ. Жұмыс істегісі келген талай ата-аналар балаларын үйде бағып отыруға мәжбүр еді. Көпшілігі үшін бұл үлкен мәселе болатын.
Біздің әулет үшін де қарашаңырақтың тағдыры алаңдататын. Екі ағамнан айырылып, шаңырақтың шаттығы саябырсып қалған кез болатын. Сондай сәтте әпкем Желдербаева Тұрсынкүл Сардарбекқызы өзінің өмірлік серігімен ақылдасып, үлкен қадамға барды. «Бұл үй тек естеліктер мекені болып қалмай, болашақтың да ордасына айналсын» деген оймен қарашаңырақты балабақшаға айналдыру туралы шешім қабылдады.
Бұл – тек біздің отбасы үшін емес, бүкіл ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Өйткені көпшілік балаларының тәрбиесіне алаңдап, қолайлы орта іздеп жүрген еді. Ал біздің үйдің есігі балаларға ашылғанда, ол бүкіл ауылдың ортақ қуанышына айналды. Қарапайым ауыл тұрғындары: «Бұрын бұл үйде ата-анаңның шырағы жанып тұратын, енді сол шырақ бала күлкісімен қайта жанданды» деп ризашылық білдірді.
Содан бері, міне, он бес жылға жуық уақыт өтті. Осы аралықта талай бүлдіршін алғашқы қадамдарын жасап, алғашқы әнін айтып, алғашқы әріптерін үйренді. Әке-шешемнің қара шаңырағы бүгінде жүздеген баланың шаттық ордасына айналып отыр. Балалардың сыңғырлаған күлкісі бұл үйді қайтадан шуаққа бөледі. Бұл – біз үшін ең үлкен бақыт.

– Әдіскер ретінде сіздің жұмысыңыздың негізгі мазмұны қандай? Көпшілік үшін бұл мамандық аса таныс емес қой.
– Иә, шынында да «әдіскер» деген атау сырт көзге жай ғана көмекші қызметкер секілді көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – бүкіл балабақшаның әдістемелік тірегі. Әдіскерді мен тәрбиешілердің жолбасшысы деп атар едім. Менің басты міндетім – әріптестерімнің шығармашылығын қолдау, жаңа әдістемелерді уақытылы енгізу, оқу-тәрбие процесін жүйелеу. Баланың дамуына әсер ететін әр сабақ, әр ойын, әр әрекет алдын ала жоспарланып, дұрыс ұйымдастырылуы қажет. Сол үшін тәрбиешілермен бірлесе отырып жұмыс істеймін, оларға бағыт-бағдар беремін.
Кейде жаңа идеяларды бірге талқылаймыз, кейде тәжірибелі ұстаздар жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, тәлімгерлік етеді. Әдіскердің жұмысы – тек қағазға қарап жоспар құру емес, ұжымның бірлігін сақтап, әр маманның дарынын ашуға жол көрсету. Балабақшаның дамуы да, баланың білімі де осы бір үйлесімге байланысты.
– Күнделікті балабақша өмірін сипаттап берсеңіз. Бір күн қалай өтеді?
– Біз үшін әр күн үлкен мерекеге татиды. Балабақша табалдырығын аттаған сәттен бастап, көңіл-күй де, жауапкершілік те арта түседі. Таңертең балаларды қарсы алу – ең маңызды сәттердің бірі. Әр бүлдіршіннің жүзіндегі күлкісі, көзіндегі жарқылы – бізге сенім артқан ата-ананың аманаты. Сондықтан баланы жылы шыраймен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алу – біздің міндетіміз.
Одан кейін әр топ өз жоспарына сәйкес жұмысқа кіріседі. Сабақтар, ойындар, шығармашылық жаттығулар, ән айту, би билеу, сурет салу, қолөнер жасау – бәрі де баланың жан-жақты дамуына бағытталған. Күннің бір бөлігі таза ауадағы серуенге арналады. Табиғат аясында ойнау, қимыл-қозғалыс жасау балаларға ерекше қуат береді.
Ал әдіскер ретінде мен осының бәрін үйлестіріп, тәрбиешілердің жұмысын бақылап, әдістемелік көмек көрсетіп отырамын. Кейде жаңа тәсілдер ұсынамын, кейде ата-аналармен байланыс орнатып, олардың ұсыныс-пікірлерін жинаймын. Қысқасы, біздің әр күніміз баланың күлкісіне толы болса – ол еңбегіміздің жемісі.
– Ұлттық тәрбие – үлкен тақырып. Бала бойына қазақы құндылықтарды қалай сіңіресіздер?
– Дұрыс айтасыз, ұлттық құндылықсыз тәрбие толыққанды болмайды. Біз тек білім беріп қана қоймай, баланың жүрегіне өз халқының рухын, дәстүрін, тілін, мәдениетін сіңіруге тырысамыз. Бұл бағыттағы жұмысымыз сан қырлы. Мәселен, күнделікті сабақ барысында балаларға қазақтың ертегілерін оқимыз, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды жаттатамыз. Олардан алынған ғибрат баланың ой-санасын қалыптастырады.
Сонымен бірге ұлттық ойындарға айрықша мән береміз. «Асық ату», «Арқан тарту», «Ақ серек – көк серек» сияқты ойындар баланың денсаулығын нығайтып қана қоймайды, олардың мінезін шыңдайды, бірлікке, достыққа, әділдікке үйретеді. Ал мереке күндері қазақтың әдет-ғұрпын сахналап көрсетеміз. «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Сырға салу» сияқты салттарды ойын түрінде ұйымдастырғанда балалар ұлттық рухты бойына сіңіреді, өзін қазақ екеніне мақтанышпен қарай бастайды. Бұл – біздің басты мақсатымыз.

– Ата-анамен жұмыс қалай жүргізіледі? Бұл байланыс қаншалықты маңызды?
– Балабақша мен отбасы тәрбиесі – егіз ұғым. Бір-бірін толықтырмайынша, нәтиже болмайды. Сондықтан біз ата-анамен байланысқа айрықша мән береміз. Жиі кездесулер өткіземіз, ашық сабақтарға шақырамыз. Кейде арнайы тренингтер ұйымдастырып, ата-аналарды да бала тәрбиесіне тартамыз.
Балаларға арналған түрлі мерекелік іс-шараларға ата-аналарды қосып, бірлескен ойындар ойнатамыз. Бұл олардың баламен жақын қарым-қатынасына ғана емес, басқа ата-аналармен байланысына да оң әсер етеді. Көп жағдайда ата-аналардың тәжірибесі бізге де ой тастайды. Ең бастысы, қиындық туындаған жағдайда ашық сөйлесіп, баланың мүддесін бәрінен жоғары қоюға тырысамыз. Осындай бірлік – біздің жетістігіміздің негізі.
– Жұмыстағы ең қиын тұстарды атап өтсеңіз. Әдіскер ретінде қандай жауапкершілік ең ауыр жүк болады?
– Әрине, ең үлкен қиындық – әр баланың жеке ерекшелігін ескеру. Бір бала өте тез қабылдайды, ал екіншісі үшін көбірек уақыт пен шыдам керек. Әдіскер ретінде мен тәрбиешілерге осыны түсіндіруім керек: әр бала – қайталанбас әлем, әрқайсысына жеке тәсіл қажет.
Сонымен қатар, заман өзгерген сайын жаңа әдістемелер, жаңа бағдарламалар енгізу қажеттігі туады. Оларды меңгеріп, ұжымға үйрету де көп күш пен уақытты талап етеді. Әріптестерімнің білімін үздіксіз жетілдіру, тәжірибесін байыту – менің мойнымдағы үлкен жауапкершілік. Ал ең ауыр жүк – ата-ана бізге сеніп тапсырған аманат. Сол сенімге селкеу түсірмей, әр баланың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету – ең басты міндетіміз.

– Жұмыстың қызықты сәттері туралы айтсаңыз. Сізге ең үлкен қуаныш сыйлайтын не нәрсе?
– Балабақшадағы әр күн – өз алдына бір тарих, тосын сыйға толы сәттерден құралады. Ең үлкен қуанышым – балалардың шынайы күлкісі мен күннен-күнге алға жылжуы. Мәселен, кеше ғана әріпті ажырата алмай жүрген бала бүгін «А» әрпін танып, қуана айтады. Немесе алғаш рет тақпақ жаттап, бүкіл топтың алдында сенімді түрде айтып шыққанда, оның көзіндегі жарқыл бізге ерекше қуат береді. Әдіскер ретінде мен жақсы білемін: осындай кішкентай жетістіктің артында тәрбиешілердің үлкен еңбегі, мейірімі мен шыдамдылығы жатыр. Сол еңбектің нәтижесін баланың бойынан көру – біздің мамандығымыздың ең тәтті сыйы.
Кейде балалардың күтпеген бір сөзі жүрегіңді елжіретіп жібереді. Біздің еңбегіміздің ең үлкен марапаты – балалардың бізге деген сенімі, махаббаты, ал ата-ананың алғысы – ең үлкен бағамыз.
– Ұжым туралы да айтып өтсеңіз. «Сардарбек» балабақшасында тәрбиешілердің кәсіби дамуына қандай жағдай жасалған?
– Біздің балабақша – тек балаларға ғана емес, педагогтарға да үлкен мектеп. Қазір мұнда жиырмадан астам қызметкер еңбек етеді. Арасында тәжірибелі ұстаздарымыз бар, олар жас мамандарға тәлімгерлік жасап, әдістемелік тұрғыдан бағыт береді.
Ұжым ішінде біз жиі семинарлар, әдістемелік күндер, шығармашылық сайыстар өткізіп тұрамыз. Әр педагог өз тәжірибесімен бөлісіп, жаңа идеяларын ортаға салады. Кейде жас мамандардың тың көзқарасы тәжірибелі әріптестерге де серпін береді. Осылайша, біз бір-бірімізді қолдап, бірге дамып келеміз. Бұл – «Сардарбек» балабақшасының басты күші.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Балабақшаны болашақта қай деңгейден көргіңіз келеді?
– Жоспарымыз көп. Балаларға арналған жаңа үйірмелер ашып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту – басты мақсаттарымыздың бірі. Мысалы, би, қолөнер, домбыра үйірмелерін кеңейтіп, ауыл балаларына қаладағыдай мүмкіндіктер бергіміз келеді.
Сонымен қатар, ата-анамен жұмысты жаңа деңгейге шығарсақ дейміз. Жай ғана жиналыстармен шектелмей, ортақ жобаларға тарту, бірлескен отбасылық шараларды көбейту ойымызда бар. Балабақша – тек білім мен тәрбие беретін орын емес, ол – ауылдағы мәдениеттің, бірліктің орталығы болуы тиіс.
Өз арманым – ауылдағы әр баланың толыққанды тәрбие алуына жағдай жасау. «Сардарбек» балабақшасы тек ата-аналардың емес, бүкіл ауылдың мақтанышы болып қала берсе екен деймін.
Қуанышкүл Сардарбекқызы Желдербаеваның әңгімесінен біз мынаны ұқтық: ол үшін бұл жұмыс – жай ғана кәсіп емес, жүрек қалауымен жасалып жатқан еңбек. Әке-шешеден қалған қарашаңырақ бүгінде балалардың шаттық ордасына айналып отыр. Бұл – бір әулеттің ғана емес, бүкіл ауылдың ортақ қуанышы. Балабақша – болашақтың алтын діңгегі. Ал сол болашақтың негізін қалап жүрген Қуанышкүл Сардарбекқызы сияқты мамандардың еңбегі – ерекше құрметке лайық.