Қарақат Әбден: Жетімдер үйіндегі балалардың жайы маған жақсы таныс

15 Мамыр 2023, 11:17
1848
Бөлісу:
Қарақат Әбден: Жетімдер үйіндегі балалардың жайы маған жақсы таныс
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісіндегі видеодан скриншот

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдап, жетім балалар мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жетімнің панасы – ел демекші, біз ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтендіруге, оларды отбасы жағдайында тәрбиелеу мәселесіне көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Қанша жерден жетімдер үйінде қолайлы орта жасалса да, отбасы мен үй тәрбиесіне ештеңе жетпейді. Бұл мәселені мен ұзақ уақыттан бері зерттеп жүрмін. Жетімдер үйіндегі балалардың жайы маған жақсы таныс. Отбасы жағдайында тәрбиеленген балалар қоғамға, үлкен өмірге тез бейімделетіні белгілі. Деректерге сүйенсек, балалар үйінен шыққан жандардың тек 10-15 пайызы ғана заман көшіне ілесе алады, ал өмірде өз орнын таба алмай жүрген жетімдер қаншама, - деді депутат.

Қарақат Әбден балалар үйінің санын азайтып, біртіндеп жабуға немесе олардың форматын толықтай өзгертуге мүдделі болуымыз қажет екенін жеткізді. Оның орнына елімізде бала асырап аламын деушілерге көбірек жағдай жасаған дұрыс деп есептейді.

Балалар үйі жетімдерді әлеуметтендіру бойынша тиімді жұмыс істей алмай отырғаны жасырын емес. Сондай-ақ көп жағдайда балалар үйінің жетекшілері балаларды асырап алғысы келетіндерге немесе патронаттық отбасыларға беруге ниет білдірмейді. Бас прокуратура мен Бала асырап алу жөніндегі агенттік тарапынан жүргізілген тексерістің нәтижесінде тіпті бала асырап алуға қарсы жасанды кедергілерді ойлап тапқан жетекшілер де анықталды. Өйткені әр балаға мемлекеттен ақша бөлініп отырады және ол аз ақша емес. Мысалы, балалар үйіндегі бір бүлдіршін үшін мемлекеттен айына 1 милллионға жуық қаражат беріледі. Осы қаражатты бала асырап алғысы келетін отбасыларды қолдауға бағыттасақ, бала үшін бұл әлдеқайда пайдалы болары анық, - деп айтты Мәжіліс депутаты өз сауалында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде жетімдер үйінің саны азайып келеді. Еліміз бойынша қазір сәбилер үйінде 707 бүлдіршін тұрып жатыр, ал балалар үйінде 4 916 тәрбиеленуші бар.

Бұрынғы кездермен салыстырғанда, бұл біршама жақсы көрсеткіш. Енді осы үрдісті бәсеңдетпей балаларды отбасыларға орналастырудың жолдарын дамыту керек. Қазір жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыға берудің бірнеше формасы бар. Олар - бала асырап алу, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, патронаттық жанұя. Оның қатарында кәсіби немесе фостерлік отбасыларды құру бастамасы да бар. Бұл жоба да еліміздегі балалар үйінің санын азайтуға бағытталғаны белгілі. Осы орайда пилоттық форматта іске қосылған бұл жобаның қазіргі жағдайы қандай? Арнайы дайындықтан өткен фостерлік отбасылардың саны артты ма? Еліміздегі жетім балаларды орналастыруға шамамен 500 фостерлік отбасы қажет деп көрсетілген. Осы межеге қашан жетеміз? деген сұрақтар туындайды, - дейді Әбден.

Депутаттың айтуына қарағанда, 2019 жылдан бері айтылып келе жатқан фостерлік отбасы жобасы әлі де толыққанды іске қосылған жоқ. Фостерлік отбасыларда жұмыс істейтін мамандар да тапшы.

Әрине, бұл бастаманы іске асыру ұзақ дайындықты қажет етеді. Фостерлік отбасы институтын құру үшін ең алдымен қаржыландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажетті отбасыларды табу мен оқыту мәселелерін шешу керек. Десе де, бұл ұзақ процестен балалар зардап шекпеуі тиіс. Жалпы, фостерлік отбасылардың пайда болуы – өте жақсы бастама.
Ал балалар үйіне келетін болсақ, олардың жұмыс бағытын өзгерту керек деп санаймын. Әрине, жетімдерге пана болған балалар үйін мүлдем жауып тастау дұрыс болмас. Себебі, өкінішке қарай денсаулығында кінәрат бар, ауыр науқастарға шалдыққан балалар бар, оларды ешкім асырап алғысы келмейді, - деді Қарақат Әбден.

Сондай-ақ асырап алған балаларды жетімдер үйіне кері қайтаратын жағдайлар да бар, бұл шамамен 18 пайызды құрайды. Бұл да бала үшін ауыр психологиялық соққы.

Демек, балалар үйінің жұмыс жүйесін осындай бүлдіршіндерге көмек көрсететін реабилитациялық орталық ретінде қайта қарастырған жөн. Мәселенің маңыздылығын ескере келе, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларда тәрбиелеу ісіне баса назар аударып, жаңа тетіктерді қарастыруыңызды және фостерлік отбасы жобасы толыққанды іске қосылғанша жетім балаларға тиісті жағдайдың жасалуына ықпал етуіңізді сұраймын, - деп айтты депутат өз сауалында.

Өзгелердің жаңалығы