Қарақат Әбден ауылда жұмыс істейтіндерге төлемақы беруді ұсынды

18 Қыркүйек 2024, 17:07
577
Бөлісу:
Қарақат Әбден ауылда жұмыс істейтіндерге төлемақы беруді ұсынды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында ауылда жұмыс істейтіндерге қосымша төлемақы беру мәселесін пысықтау керегін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми деректерге сәйкес, елімізде урбанизация өсіп келеді. Кейбір облыстардағы, әсіресе Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы урбанизация деңгейі тым жоғары. Елордаға, Алматы мен Шымкентке ауылдардан көшіп барған халықтың саны да өте көп. Мысалы, былтырға қарағанда биыл еліміздің әр өңірінен 100 мыңға жуық адам көшіп келіп, Астана халқының саны тағы да артқан, - деді депутат.

Қарақат Әбден урбанизацияның деңгейін бақылауда ұстау керегін айтты.

Біз сияқты мал шаруашылығы мен аграрлық бағытқа бейімделген ел үшін урбанизация деңгейі 65-70%-дан аспауы қажет. Алайда аграрлық әлеуеті зор ауылдық елді мекендер Қазақстан картасынан жойылып барады, - деп айтты Мәжіліс депутаты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, еліміздегі ауылдар саны былтырға қарағанда 75 ауылға азайған.

Қоғамдық құндылыққа, әдет-ғұрпымызды, салтымызды сақтауға, ата-бабаны құрметтеуге ауылдар ерекше мән береді. Бұл мәдени мұрамызды болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгінде қала мен ауыл арасындағы тұрмыс деңгейінде айырмашылық әлі де зор. Сондықтан қалаға негізінен жұмыс іздеген адамдар келеді. Ауылдан үлкен қалаға көшіп келген адамның жағдайы бқдан жақсарып кетпейді. Жұмыс табу оңай емес. Жұмыс табылса да, өз үйі болмаса бар тапқаны жалдау ақысын төлеуге кетеді. Ал өзі кредит алып, қарызға батып, жағдайы одан сайын қиындайды, - деп түсіндірді ол.

Депутат көпбалалы отбасылардың жағдайын да көтерді.

Табысы төмен көпбалалы отбасы ауылда аз да болса лайықты баспана ала алады. Мал ұстап, еңбектенсе, оның пайдасын көреді. Яғни дастарханында ет, сүт, жеміс пен көкөніс болады. Ал қалада ол жоқ. Ауылдан көшіп келгендер көбіне адам тұруға жарамайтын, жылуы мен қарапайым гигиенасы жоқ, қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін үй-жайларда, вагон, буткаларда тұруға мәжбүр. Ата-бабасы ауылда өмір сүрген ауыл адамына қалаға бейімделу қиын. Ал ауылдар бос қалып жатыр. Егін егетін, мал өсіретін адам жетпейді, - деп санайды Қарақат Әбден.

Депутат ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында іске асырылып жатқан бағдарламаларды қайта қарау керегін ұсынды.

Қаладан ауылға көшіп келетіндерге жалға беретін үй салу, ал егер үй жалдайтын болса, субсидия беру мәселесін пысықтау қажет. Ауылдық тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу, яғни үй салу үшін жеңілдік беру керек. Сонымен қатар ауыр жұмыс істейтін азаматтарға қосымша төлем беріледі. Осыған ұқсас ауылда жұмыс істейтін адамдарға да қосымша төлемақы мәселесін пысықтау қажет. Көпбалалы аналарға преференцияларды көбейту керек. Яғни отбасылық бизнеске, үй, көлік алуға жеңілдіктер беру қажет. Оған қоса көпбалалы отбасылардан шыққан ауыл балаларын жылына бір рет субсидия арқылы отбасымен бірге емдік-сауықтыру демалысына жіберуді ұйымдастыру керек, - деп ұсынысын айтты Әбден.

Өзгелердің жаңалығы