Қаралы хабар. 41-дің соңғысы да келмеске кетті

10 Ақпан 2023, 19:36
1137
Бөлісу:
Қаралы хабар. 41-дің соңғысы да келмеске кетті
Фото: © Sputnik

Соңғы полигон зардабында экспериментке қалған адамның азапты өмірі тоқтады. Суәле Досжанова қаралы хабарды жеткізген Берік Көпбаевтың хатын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иманды болсын. Атом полигонының зардабын тартуындай-ақ тартқан, 1949 жылдың 29 -шы тамызы күні сынақ ретінде қалдырылған 41 адамның соңғысы - Елеуғазы аға да қайтыпты өмірден. Ол кісі кейінгі жиырма жылдай бала-шағасымен Теміртау қаласында тұратын. Алғашқы жарылысты өз көзімен көрген тірі куәгер Елеуғазы Нұрғалиев ақсақал менің "Семей полигоны:ақиқат пен қасірет" деп аталатын кітабыма былай деп интервью беріп еді: 1949 жылдың 29-шы тамызы күні ертемен көз ілеспес жылдамдықпен отты доп аспанға көтерілді. Отты шар, сұрапыл қуат пен көз қарықтырар сәуле бас айналдырып жібергендей бір сәтте жер қабығының ыстық күлі мен ащы иісі көкке көтерілді. Біз, әдейі сынақ ретінде қалдырылған 41 адам сол от жалынға таңырқап қарап тұрдық. Ертеңінде жарылыс болған аймақта жалғыз түп шөп қалмағандығын, даланың бәрі қарайып, күйіп кеткендігін байқадық. Ауылдағы иттердің, қалып қойған қойлардың жүні түсіп, көп ұзамай өліп жатты. Тіпті далдағы тышқандар мен түлкі-қарсақтардың өлі денесін де көрдік. Жарылыс толқыны көптеген үйлердің терезесінің шыныларын қиратып, қабырғаларын қақыратып кетті. Сол алғашқы сынақ жасалған күні Қайнарда қалған 41 адамнан жалғыз мен ғана өмір сүріп келемін." Бұл сұхбаттың жазылғанына да отыз жылдан асты. Сонда Елекең 70 жылдан астам уақыттан бері радиациялық сәуле дертінің азабын тартып келді. Алмаған емі жоқ. Ауылға келген шет елдіктердің кино түсіріп, газет журналға жазабағандары жоқ. Көмек көрсетеміз деп уәдені үйіп -төгіп кетеді. Кейіннен бәрі бос сөз болып қала берді. Ал олар осы үшін қаншама жүлде алып, қыруар қаржы тапты. Қош, Ел аға! Қайтпас, қайсар азамат! Жатқан жерің жарық, иманың саламат болсын! Жақын туысына уақыт болғанына досымыз Мейрамбекке көңіл айтамын, - ........  делінген хатта.

Қаралы хабар. 41-дің соңғысы да келмеске кетті
Өзгелердің жаңалығы