Қарағандының қалалары мен ауылдары бірыңғай агломерацияға біріктіріледі

22 Тамыз 2024, 19:49
411
Бөлісу:
Қарағандының қалалары мен ауылдары бірыңғай агломерацияға біріктіріледі
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында қалалар мен ауылдар бірыңғай агломерацияға біріктіріледі, - деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды агломерациясын дамытудың Кешенді жоспарын әзірлеу аяқталуға жақын қалды. Агломерацияның орталығы Қарағанды қаласы болды. Құрамына Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай және Абай, Бұқар Жырау және Осакаров аудандарының 28 елді мекені кірді. Болашақта өзара байланыса отырып даму агломерацияның бүкіл аумағында халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

Қарағанды агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасында мемлекеттік органдар мамандарының, ғылым және бизнес өкілдерінің үлкен тобы жұмыс істеді. Жоспар барлық салаларға әсер етеді: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау және т. б. Бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу қарастырылған.

Кешенді жоспардың мақсаты – агломерацияның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Міндет – негізгі проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын анықтау.

Артықшылығы – агломерациядағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы тәсілдерді өзгерту: елді мекендер бір-бірімен байланыста дамуы тиіс. Қалаларда және облыс орталығына жақын ауылдарда тұру жағдайларын теңестіру қажет. Біз нақты міндеттер қойдық, жоспарға нақты жобаларды енгіздік. Кешенді жоспарды іске асырудың әсерін мониторингтен өткізу мақсатында индикаторлар белгіленді – яғни қол жеткізілуі тиіс көрсеткіштер, – дейді Қарағанды облысы экономика басқармасының стратегиялық жоспарлау бөлімінің бас маманы Ернар Қыдырбай.

Мысалы, бес жыл ішінде агломерация аумағында жаңа өндірістер ашу есебінен 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс. Өнеркәсіптік өндіріс көлемін 2 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайта отырып, 17 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. ТКШ саласында сумен, жылумен, электрмен жабдықтау желілерін жаңарту, кәріз-тазарту құрылыстарын салу, сондай-ақ газдандыру бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. 22 білім, спорт, мәдениет, жеті денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жоспарланған.

Қарағанды агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспары жобасының іс-шаралары салалық министрліктермен алдын ала қаралды. Он тоғызыншы тамызда жұртшылықтың, жергілікті атқарушы органдар, бизнес, ғылым өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдаулар өтті.

Қоғамдық тыңдауларда айтылған барлық ескертулер мен ұсыныстар қаралды. Келесі қадам – облыстық мәслихат сессиясында қарау. Депутаттар бекіткеннен кейін құжат ел Үкіметінің қарауына ұсынылады.

Естеріңізге сала кетейік, "Агломерацияларды дамыту туралы" Заңға Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың қаңтарында қол қойған болатын.

Өзгелердің жаңалығы