Қарағанды облысында 450 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Өңірде бұл үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Спорт алаңдары мен ДСК қолжетімді орындарда салынуда, тегін секциялар ашылып жатыр.
Ауыл тұрғындарымен жұмыс істейтін спорт нұсқаушыларының саны артып келеді. Бір ғана Бұқар жырау ауданында қазір 22 нұсқаушы жұмыс істейді.
Күрес, бокс, футбол, хоккей, үстел теннисі және басқа да спорт түрлері бойынша секциялар ашылды.
Өңір жұртшылығымен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортқа ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, облыс орталығында, шағын қалаларда, аудандарда және ауылдарда спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
"Ауыл – Ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірде бір мезгілде түрлі аудандарда: Қарқаралы ауданының Егіндібұлағында, Абай ауданының Топарында, Ботақарада және Бұқар жырау ауданындағы Ғ. Мұстафин атындағы кентте ДСК салынуда. Нұра ауданы Шахтёрское ауылында жабық хоккей корты салынуда.
Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, Шахтинск қаласында бассейні бар жаңа спорт нысаны пайда болды.
Өңірде ауылдар мен шалғай аудандардың тұрғындарын бұқаралық спортпен қамтуға баса назар аударылады.
Мысалы, 30 жыл ішінде Қарағанды облысының Бұқар Жырау ауданында спортпен шұғылданушылар 120%-ға өсті және ауданда тұратын 53 738 адамның 35,5%-дан астамын құрайды.
– Биылғы жылы төрт көпфункционалды хоккей корты, 10 шағын футбол алаңы, баскетбол алаңы және стрит-воркаут алаңы орнатылды. Ауданның барлық дерлік елді мекендерінде осындай құрылыстар бар, – деді Бұқар Жырау ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Цыганков.
Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша 10 мыңнан астам адам спорттың 26 түрімен айналысады.
– Биыл мен тұратын Көкпекті ауылында үстел теннисі секциясы ашылды. Мен бірден жаттығуға бардым. Маған жаттықтырушы ұнайды. Біз түрлі жарыстарға қатысамыз, жүлделі орындарға ие боламыз, – дейді бесінші сынып оқушысы Дарина Жолдасбаева.
Спортта ерекше балалар үшін де жағдайлар жасалуда. Қарағанды облысы республикада алғашқылардың бірі болып аутист балаларға арналған спорттық жобаны енгізді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 100-ден астам ерекше бала таэквондо және шахматпен айналысады.
Мүмкіндігі шектеулі 450 адам қатысатын мүгедектік спорт мектебі жұмыс істейді. Инклюзияны ескере отырып, жаңа спорт алаңдары салынуда, қолданыстағылар бейімделеді.