Қарағанды облысы ТЖД қызметкері Бауыржан Текенов Харбинде (Қытай) өткен өрт-құтқару спорты бойынша ерлер арасындағы әлем чемпионатында 100 метрлік кедергілер жолағында қола жүлдеге ие болып, қоссайыста Қазақстанның абсолютті рекордын орнатты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ерлер арасындағы XIX әлем чемпионаты және өрт-құтқару спортынан әйелдер арасындағы Х әлем чемпионаты 5-11 қыркүйек аралығында өтеді. Жарысқа 21 елден 10 ерлер және 7 әйелдер командасы қатысады. Қазақстан құрамасының құрамында Қарағандылық Бауыржан Текенов өнер көрсетті. "Кедергілермен 100 метрлік жолақты еңсеру" түрі бойыншп екінші жарыс күнінде ол жеке есепте үшінші болды (20,45 сек.), Беларусь пен Ресейден келген спортшыларға есе жіберіп алды.
Ұмытылмас әсер алдым, мақсат болса, армандар орындалады. Басында мен жартылай финалға шыққаныма сене алмадым. Бірақ олар жартылай финалистерді жариялаған кезде, мен, әрине, қатты қуандым. Күш-жігерімді жинап, қола медаль жеңіп алдым. Соңғы рет Қазақстаннан келген спортшы 2012 жылы осы пән бойынша қола медаль алып, жүлдегер атанған екен. Мен бұдан да жақсы өнер көрсете алар едім, әрі қарай жұмыс істеймін деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Текенов.
Сондай-ақ, қарағандылық 100 метрлік кедергілер жолағын еңсеруде және шабуыл сатысымен көтерілуде Қазақстанның рекордын жаңартты. Нәтижесінде ол қоссайыста ҚР абсолютті рекордшысы атанды.
Ертең Бауыржан Текенов команда құрамында "Жауынгерлік өрістету" жарысына қатысады.