Қарағандылық “Киберпол” қызметкерлері алаяқтық жасаған азаматты ұстады

1 Тамыз 2023, 15:18
646
Бөлісу:
Қарағандылық “Киберпол” қызметкерлері алаяқтық жасаған азаматты ұстады
Фото: Polisia.kz

Қарағандылық “Киберпол” қызметкерлері шалғайдағы ауылдан алаяқтық жасаған азаматты ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.

Киберқылмыстар бойынша бірнеше рет алдын алу жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, тұрғындар тарапынан алаяқтардың құрығына түсіп қалу фактілері тіркеліп жатыр.

Жыл басынан бастап, алаяқтардың құрығына түсіп, алдану бойынша полицияға мыңнан астам арыз тіркелді.

Мәселен, 28 шілде күні облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ұлытау облысы, Жәйрем кентінен “ақшаны көбейтемін” деп тұрғындарды алдаған 25 жастағы ауыл тұрғыны ұсталды.

Күдікті әлеуметтік желіде “25 мың теңге ақша салып, 700 мың теңгеге дейін көбейтемін” деген жалған желеумен жұмыс жасаған.

Алайда ұлғайған ақшаны шешіп алу үшін ол қосымша комиссия төлеу керек екенін айтқан. Сөйтіп, ақшаны алып алғаннан кейін ақша салушымен арадағы байланысты үзіп, сөйлескен адамның әлеуметтік желісін бұғаттап тастаған.

Полиция қызметкерлерімен ұсталған азаматтың 4 қылмысқа қатысы бары анықталып, онда күдікті жәбірленушілерге жалпы құны 500 мыңнан астам шығын келтірген. Облысымыздың басқа тұрғыны вертуалдық қызға 2 миллион теңге ақша аударып жіберген. 22 жастағы Абай ауданының тұрғыны мамыр мен шілде айлары аралығында әлеуметтік желі арқылы бір қызбен хат алмасып отырған. Желідегі екеуара әңгіме жарасқаны соншалық, жәбірленуші азамат сөйлесіп жүрген қызға 2 миллион теңге ақшаны қалай аударып қойғанын білмей қалған. Қыз байланысқа шықпай қойғанда ғана жәбірленуші алданғанын түсінген.

15 шілде күні Абай аудандық полиция басқармасына алаяқтық бойынша арыз түскеннен кейін, тәртіп сақшылары жедел әрекет барысында күдіктіні анықтады. Оның 27 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Жәбірленуші күдіктімен беттестіру барысында таң қалғаны соншалық, сөйлесіп жүрген қыз, еңгезердей ер азамат болып шықты. Тұрғындарды алдағаны үшін күдіктілер тергеудің қорытындысы бойынша заң аясында тиісті жазаларын алатын болады.

Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы