Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасының үш қызметкері жанып жатқан пәтерден бес жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әскерилердің бұл әрекеті әлеуметтік желілердегі жарияланымдардан белгілі болды.
Сержант Жандос Айтқали, ефрейторлар Ізбасар Төлеутай мен Шыңғыс Ерқанат 25 тамыз күні таңертең қызметке бара жатып, тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтердің терезелері отқа оранып, түтін шығып жатқанын байқаған. Жақын маңайда ер адамдар болмай, оқиға орнына жиналған әйелдер шарасыздықтан шырылдап жүрген.
Көшеде біз үстіндегі киімі күйіп кеткенн 6-7 жас шамасындағы баланы көрдік. Ол әбден қорқып қалған. Бізге інісі үйде қалғанын айтты. Мен әріптестерімнен мені сыртта күтуін өтініп, өзім терезеден пәтерге кірдім. Қатты түтіннен көзім жасаурап кетті. Ауа жұту үшін терезеге бірнеше рет жақындауыма тура келді, суға малынған орамал мен фонарь алып қайта кірдім. Үшінші реттен ғана түпкі бөлмеде мысығын құшақтап, қорқып отырған баланы таба алдым, - деп еске алады Жандос Айтқали.
Әскерилер баланы мысығымен қоса пәтердің терезесінен сыртқа шығарған. Көп ұзамай өрт сөндірушілер келіп, өртті сөндіруге кірісті.
ТЖ министрлігіне әскери қызметшілерді марапаттау үшін ведомстволық награда табыстау туралы ұсыныс жіберілді.