Ағымдағы жылыту маусымының өтуін бақылау шеңберінде ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басшылығы «Арселор Миттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2 және «Қарағанды-Энергоцентр» АҚ ЖЭО-3 барды, деп хабарлайды BAQ.KZ
ЖЭО-2 қазандық пен турбиналық цехтардың негізгі жабдықтары тексерілді. Қазіргі уақытта 6 қазандықтың 4-і жұмыс істейді. № 2 қазандық 2023 жылдың 10 қаңтарына дейін жөнделуде. Қосалқы жабдықтағы ақауларды жою үшін № 3 қазандық тоқтатылды.
Тұрақты жылумен қамтамасыз ету мәселелері Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин мен Теміртау қаласының әкімі Ораз Таурбековтің қатысуымен өткен кеңесте қаралды. № 2 қазандықты күрделі жөндеуді аяқтауды жеделдету және газ тазарту жабдықтары бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі атап өтілді.
ЖЭО-3 барған кезде «Қарағанды-Энергоцентр» ЖШС күрделі жөндеуден кейін № 5 турбина бойынша іске қосу операцияларының барысымен, сондай-ақ көмірді жинақтау мәселелерімен танысты.
Комитет «ҚТЖ «ҰК» АҚ және «Богатырь-Көмір» ЖШС-мен бірлесіп қорларды ұлғайту мақсатында көмір маршруттарын тасымалдауды үйлестіру бойынша күнделікті жұмыс жүргізуде.