Экологтар қарағандылықтарды қалалық сенбілікке қатысуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысы бойынша экология департаменті 21 қазан сағат 10:00-де Қарағандының барлық жанашыр тұрғындарын қалалық сенбілікке шақырады. "Жаңа Қазақстан. Таза табиғат" деп аталатын экоакция Республика күніне арналған.
Тазалауға арналған екі алаң белгіленді: Теннис орталығы (Республика даңғылы, 11/1) және Балалар мен жасөспірімдер сарайы (Ерубаев көшесі, 44). Сенбілікке мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ҮЕҰ өкілдері, еріктілер қатысады. Еріктілер өздерімен қолғап және жақсы көңіл-күй алып келсе болады.
Қалалық сенбілікке шыға алмайтындарды ұйымдастырушылар өз аулаларын ретке келтіруді сұрайды.
Қоршаған ортаға ұқыпты қарауды өзіңізден бастаған дұрыс. Барша халықты іс-шараға қатысуға, қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосуға және өз аулаларында сенбілік өткізуге шақырамыз, – дейді экологтар қарағандылықтарға.