Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде рөлге отырған қоқыс таситын көліктің жүргізушісін қуып жүріп ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, құқық бұзушы құжат көрсетуден бас тартып, рөлде мас күйінде болған.
30 маусым күні Қарағанды қаласында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Сәтбаев көшесінде "Горкомтранс" ЖШС-ге тиесілі "Донфенг" маркалы қоқыс таситын көлікті жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан. Полиция қызметкерлері 56 жастағы жүргізушіден алкогольдің өткір иісін сезіп, құжаттарын көрсетуді талап еткен. Алайда жүргізуші агрессия танытып, полицейді итеріп жіберген. Қызметтік көлігіне қайта мініп, оқиға орнынан бой тасалауға тырысқан, - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Құқық бұзушы ұсталып, медициналық куәландыру оның мас күйінде болғанын растады.
Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданады. Ал көлік айыптұраққа қойылып, азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда көлік ана мен баланы қағып кете жаздағанын хабарлаған болатынбыз.