Қарағанды облысында балалар ойнайтын алаңда болған жанжал қоғам назарын аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 12 сәуір күні қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында тіркелген.
Алдын ала мәлімет бойынша, балалар арасында туындаған дау кейін ересектердің араласуымен ушыққан. Жанжалға қатысушылардың бірі ата-анасын шақырғаннан кейін жағдай күрт шиеленісе түскен.
Куәгерлер таратқан бейнежазбада оқиға орнына көлікпен келген ер адам мен әйелдің балаларға қарай бет алғаны байқалады. Әйел өз баласы көрсеткен жасөспірімге барып, оған дауыс көтерген. Біраз уақыттан соң жанында болған ер адам жасөспірімге күш қолданып, оны жерге құлатқаны көрінеді. Салдарынан бала біраз уақыт есін жия алмаған.
Оқиға әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғам тарапынан қызу талқыланды.
Аталған факті бойынша полицияға ресми шағым түспеген. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаны анықтаған.
Ведомство мәліметінше, жанжалға қатысушылар полиция бөліміне жеткізіліп, қазіргі уақытта жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтауда.
Сонымен қатар полиция өкілдері әрбір қатысушының әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Тәртіп сақшылары кез келген жанжал заң шеңберінде шешілуі тиіс екенін атап өтіп, азаматтарды күш қолданудан аулақ болуға шақырды.