Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қарағандыда ер адам әйелді өлтіремін деп қорқытып, көлігін қиратып тастады

2 Қыркүйек 2025, 16:20
618
Бөлісу:
 Ken Fauzy/Shutterstock/Fotodom
Фото: Ken Fauzy/Shutterstock/Fotodom

Қарағандыда ер адам қолындағы балғамен жүргіншілерге тап беріп, әйелге қоқан-лоқы көрсетіп, көлігін қиратып тастады. Сот ісі қылмыстық өндіріске жіберілді,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі болғандай, тамыз айының ортасында Қарағанды қаласының дәл орталығында ерекше оқиға орын алған.

Қолына балға ұстаған ер адам жүргіншілерді қорқытып, жанжал шығарып, автокөлікке зақым келтірген. Енді оның әрекеттеріне қылмыстық құқықтық баға берілуі мүмкін.

Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылғы 13 тамызда азамат Ш. Молоков көшесі, 121А мекенжайында нағыз дүрбелең туғызған. Қоғамдық орында ол балағат сөздер айтып, қолындағы балғамен жүргіншілерге тап берген және өзгенің көлігін бүлдірген.

Сотта жәбірленуші Л.-ның айтуынша, Ш. онымен бұрын таныс болмаған. Соған қарамастан, еш себепсіз оған өлтіремін деп қоқан-лоқы көрсетіп, балғамен автокөлігін қиратып тастаған.

Ш. кінәсін мойындаған. Сот оның әрекеттері әкімшілік құқық бұзушылық шегінен асып түсетінін анықтады. Бұл – жай ғана ұсақ бұзақылық емес, қылмыстық жауапкершілікке жататын әрекет. Жиналған деректерге сүйенсек, бұл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293-бабында көзделген – зорлық-зомбылық және қорқыту элементтері бар бұзақылық болып саналады.

Осыған байланысты сот ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі және 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік істі тоқтатып, материалдарды Қарағанды қаласы Полиция басқармасына қылмыстық іс қозғау және тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдады.

Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы