Қарағандыда зейнеткер аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі есірткі тасымалдау арнасын әшкерелеп, 75 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оперативтік іс-шаралар кең ауқымды "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді.
Алдын ала алынған мәлімет бойынша, күдіктінің тыйым салынған заттарды алып өтуі мүмкін екендігі анықталған. Теміржол вокзалында жүргізілген тінту кезінде оның қол жүгінен өсімдік тектес есірткі заттары – шамамен 20 келі марихуана мен гашиш тәркіленді. Одан бөлек, вокзал маңында тұрған күдіктінің автокөлігін тексеру барысында багаж бөлімінен орауыш таспамен қапталған екі ірі брикет табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың ішінде де марихуана болған. Жалпы тәркіленген есірткі заттарының салмағы шамамен 20 келіні құрады, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.
Аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ, полиция өзге тұлғалардың қылмыстық әрекетке қатысы бар-жоғын тексеруде.
Құқық қорғау органдары есірткі заттарының Қарағанды аумағында таратылуы немесе басқа өңірлерге жеткізілуі мүмкін екенін нақтылап жатыр.