Қарағанды облысындағы 24 базардың бесеуіне жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет. Базарлардың қожайындары модернизациялауға 5,8 млрд теңге инвестициялауға дайын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс орталығындағы «Алтын арба», «Шығыс», , Майқұдықтағы «Горняк», «Қайрат» және Оңтүстік-Шығыстағы «Тұлпар» автобазарына модернизациялау жұмыстары жүргізілмек. Бұл жайында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жанат Асантаев өңірлік коммуникациялар платформасында өткен брифингте мәлімдеді.
Біздің департамент 2025 жылға дейін базарларды модернизациялау бойынша «Жол картасы» жобасының орындалуын қадағалайды. Бұл жұмыстар ҚР Премьер-министрі орынбасарының тапсырысы бойынша орындалуда. Аймақта 24 базар бар. Бүгінгі таңда Қарағандыда «Алтын арба», «Шығыс», «Горняк», «Қайрат», «Тұлпар» сауда базарлары жаңғыртуды қажет етеді. Осыған байланысты Қарағанды әкімдігі мен базарлардың иелері бірлесіп сауда орындарының жол карталары мен құжаттарын дайындады, - дейді Асантаев.
Департамент басшысының мәліметінше, базар қожайындары 2025 жылдың аяғына дейін жаңғырту жұмыстарына жалпы соммасы 5,8 млрд теңге қаржы инвестициялауды жоспарлап отыр. Оның ішінде «Алтын арба» базары 3 млрд, «Шығыс» 0,9 млрд, Қайрат 0,9 млрд, «Горняк» 500 млн, «Тұлпар» 500 млн теңге жұмсайтын болады. Жаңғырту жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланған.