Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?

3 Шілде 2023, 14:43
1795
Бөлісу:
Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?
PHOTO
Фото: автордан

«Арқада қыс жеңіл болса, арқар ауып несі бар», демекші, Қарағанды өңірінің қысы қатты, жазы қысқа болады. Дегенменде, жаз айларында аймақтың көптеген жерлеріне саяхаттап, демалуға болады. Қарағанды облысындағы BAQ.KZ тілшісі орталық Қазақстанның демалыс аймақтарына шолу жасаған еді.

 

Қарағанды десе, көпшіліктің есіне ең алдымен «қара алтын» түсетіні анық. Өндірісті өлкенің басты байлығы – көмір болғанымен, шығысында Абай ауданынан бастап Ұлытауға дейін, солтүстігінде Ақмоладан оңтүстігінде Жамбыл облысына дейін созылып жатқан Қарағанды облысының кең байтақ даласы туристерді ерекше табиғатымен, мәдени, тарихи нысандарымен тартады. Облысының аумағына үш Чехия немесе алты Швейцария сыйып кетеді. Осындай үлкен аумақты алып жатқан өңірдің табиғаты да әр алуан. Шығысында Қарқаралының тарихи, мәдени ескерткіштері, тауларының салқын ауасы, мөлдір суы саяхатшылардың көңілінен шықса, оңтүстігіндегі Балқаш көлі туристерді қолайлы ауа-райымен жағажай демалысына шақырады. Өңірдің орталығындағы Топар және Самарқанд су қоймалары да қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс аймағына айналған.

Қарқаралы таулары

Қарағанды десе, есімізге ең алдымен Қарқаралы түсетіні анық. «Атыңнан айналайын Қарқаралы» таулары жыл сайын туристерге құшағын ашатыны анық. Сонымен Қарқаралыға не үшін баруға болады? Қарқаралыға ат басын бұрған саяхатшылар, ең алдымен Шайтанкөлге барып, ерекше көлдің көркін көруге асығады. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан тостағандай Шайтанкөлдің суы жаңбыр жауса да, қар ерісе де бір деңгейде тұрады. Орта тұсы қап-қара болып иірімделіп жататын, құпияға толы ағынсыз көлді көруге жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен бірнеше мыңдаған туристер келеді. Сондай-ақ, Қарқаралы тау массивінде орналасқан Бассейн көлі, Жартас өзені, Кент таулары қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығып келетін туристік орындарына айналып келеді. Қарқаралы тауларында саңырауқұлақ, жидек теріп, уақытты пайдалы өткізуге болады. Қарқаралыда 15 демалыс орны бар. Мұнда «Берлога», «Сұңқар» және басқа да демалыс орындарында демала аласыз. Қарқаралыға автокөлікпен немесе автобуспен жете аласыз. Жолға 3 сағаттай уақытыңыз кетеді.

Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?

«Қарқаралы тарихи және мәдени бай өлке. Мұнда мәдени, тарихи ескерткіштердің алуан түрі бар. Қарқаралы әсем табиғаты, орналасуы бойынша қолжетімділігі жыл сайын мұнда бірнеше мыңдаған туристердің ағылуына мүмкіндік береді. Қарқаралыда ұлттық табиғи паркінің аумағы 1,1 мың шаршы шақырым. Мұнда 4 туристік маршруттар құрылған», - дейді Қарқаралы қаласының әкімі Ерлан Құсайын.

Балқаш көлі

Ел арасында «көк теңіз» аталатын Балқашқа бір ат басын бұрған саяхатшы жыл сайын келе бергісі келетіні анық. Балқаштың қолайлы ауа-райы, көлдің жып-жылы суы, ерекше көгілдір түсі барлық туристердің көңілінен шығады. Мұндағы демалыс аймақтары да жыл сайын жаңарып, инфрақұрылым да жаңғыртылып, халыққа қолайлы әрі қолжетімді болуда. Сонымен, Балқашқа қай уақытта барған дұрыс? Егер «көк теңіздің» суына малтып, ыстық құмына қыздырынғыңыз келсе шілде мен тамыз айларының кез-келген күнінде баруыңызға болады. Бұл айларда ауа-райы 28-30 градустан төмен түспейді. Көл жағасында демалушылардың қатары жыл санап артып келе жатқандықтан, демалыс орындарынан жатын орынды алдын ала броньдап қоюды ұмытпаңыз. Балқаш көлінің жағасында «Досжан», «Жемчужина», «Голубая лагуна», «Балқаш», «Релакс» және басқа да демалыс орындары орналасқан.

Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?

«Балқашта 52 демалыс орны бар. Туристер үшін барлық жағдай жасалған. Бертіс шығанағындағы туристік нысандарға электр желілерін, су және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Биыл қала жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. Шілде айында Балқашта «JasArtsFest» музыка фестивалі және мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Рух желкендері» регатасы жоспарланған», - дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?

Сонымен, Балқашқа қалай жетеміз? Балқашқа көлікпен, теміржолмен және де әуемен де жетуге болады. Балқаш тоғыз жолдың торабында, «Алматы-Екатеринбург» күре жолының бойында орналасқан. Елімізегі ең ірі автобанның құрылысы да аяқталуға жақын. Қарағандыдан Балқашқа 4 сағатта зыр етіп, жетіп баруға болады. Ал егер де пойызбен жүруді қаласаңыз Қарағандыдан күнде кешке Қарағанды-Балқаш бағытындағы пойыз жүреді. Облыс тұрғындарының өтініші бойынша «Қарағанды-Балқаш» пойызына қосымша вагондар қосылды. Сондай-ақ, Балқашқа Астана мен Алматыдан тікелей әуе рейсі де ашылған. Күн сайын «Южное небо» авиакомпаниясының ұшақтары сізді Балқашқа жеткізеді.

Қызыларай таулары

Егер де саяхатшылар көп жүретін туристік аймақтардан мезі болсаңыз, орталық Қазақстанның ең биік нүктесі - Қызыларай тауларына баруды ұсынамыз. Қызыларай таулары Қарағанды облысының шығысына қарай, Ақтоғай ауданының аумағында орналасқан. Туристер аз жүретін арқаның асқар тауында көптеген аңдар мен құстар мекендеп, түрлі-түрлі өсімдіктер өседі. Тауға шығып, атқа мініп, киіз үйде қымыз ішіп, керемет демалыс өткіуге болады. Қызыларайдың саф таза ауасы, былғанбаған табиғаты, тұрғындардың қонақжайлылығы кез келген туристің көңілінен шығатыны сөзсіз. Қызыларайға автокөлікпен жете аласыз, жолға шамамен 5 сағат уақыт кетеді.

Қарағанды шақырады! Аймақтың қай жерінде жазда демалуға болады?

Облыс орталығына жақын жерде демалысын өткізгісі келетін саяхатшылар мен қала қонақтары Федоров, Самарқанд және Топар су қоймаларының жанындағы демалыс аймақтарына баруларына болады. Қарағанды төңірегінде азаматтардың бос уақытын өткізетін 75-ке жуық орын бар. Сондай-ақ, бірнеше туристік турлар жұмыс істейді.

«Қала маңындағы туризмді дамытуға да көңіл бөлінуде. Қарағанды маңындағы Топар, Федоров, Самарқанд су қоймаларының төңірегінде көптеген демалыс орындары бар. Қоғамдық жағажайлар да жабдықталуда. Жалпы Қарағанды облысы өткен жылы 360 мыңнан астам туристі қабылдаған, оның ішінде 16 мыңы тшетелдіктер. Биылғы жылы туристер ағыны бұдан жоғары болады деп күтілуде», - дейді Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Құдабаев.

Өзгелердің жаңалығы