Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында тек қарағандылықтар үшін ғана емес, жалпы қазақ халқы үшін айтулы оқиға, тарихи сәтті өткердік. Қарағанды қаласының Октябрь ауданына алты Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханның есімі берілді, деп жазды Facebook-тегі парақшасында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бұл ең алдымен, еңселі елдігіміз бен берекелі бірлігіміздің көрінісі.
Бұл - Тәуелсіздік жолындағы күрескерлер рухына тағзым, Алаш арыстарының аманатына деген адалдықтың бейнесі деп білемін.
Сондықтан да баршаңызды осынау қуанышпен шын жүректен құттықтаймын. Әрине, аудан атауын өзгертуге қатысты алдын ала жүйелі жұмыстар атқарылды. Әлихан ауданын абаттандыру, аулаларды жаңарту, ойын алаңдарын құру және басқа да жұмыстар соңғы жылдары қарқынды жүргізілді. Жаңадан әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді, өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылып, жұмыс орындары ашылып жатыр, - деп жазды Қасымбек.
Майқұдықтың ішіндегі күре жол күрделі жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы түрде атқарыла беретін болады.
Орайы келгенде жыл басында аудан атауын өзгерту бойынша өткен көпшілік тыңдауға белсене қатысып, үлкен қолдау көрсеткен барша азаматтарға зор алғысымды білдіргім келеді, - деді облыс әкімі.