Қарағанды облысында ауа райының күндіз жылып, түнде аяз түсуі салдарынан жолда көк тайғақ болып, апат саны көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тек өткен тәулікте Қарағанды қаласының өзінде 24 жол-көлік апаты тіркеліпті. Онда 4 адам жарақат алған. Ал облыстық жолдарда екі жол көлік апаты адам өлімімен аяқталды.
Алғашқысы Абай ауданынан 5 шақырым жерде болған. «Nissan Note» көлігінің жүргізушісі қарсы бетке шығып, «ПАЗ» автобусымен соқтығысқан, салдарынан жеңіл көліктің 39 жастағы жүргізушісі ауруханада жан тапсырған. Ал автобус жолаушыларының бір тобы жеңіл жарақ алды. Екінші қайғылы оқиға Қарағанды қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Алматы – Екатеринбург жолының бойында болған.
32 Жастағы «Тойота Королла» көлігінің жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, 38 жастағы азамат басқарған «ФВ пассат» көлігімен соғылған. Осының салдарынан «Тойота Королла» жүргізушісі оқиға орнында қаза тапса, «ФВ пассат» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы ауруханаға жеткізілді, - деді ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Зәрубаев.