Қарағанды облысында келесі жылы көкпар клубын ашу жоспарланып отыр, дп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл көне ат ойынын жастардың көбірек ойнауына мүмкіндік береді. Облыста бүгінде ұлттық спорт түрлерімен барлығы 45 мыңнан астам адам айналысады. Оның 10 мыңға жуығы балалар.
Қарағанды облысында көкпарға деген сүйіспеншілік ерекше. Облыста республикалық, облыстық жарыстарға тұрақты қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген 10 құрама команда бар. Көкпар мерекеде, тойда да ойналады.
Дегенмен, әзірге барлық ойындар демеушілік арқылы қаржыландырылады. Көкпар үйірмесі құрылса, облыстық құрама жасақталып, спортшыларды дайындау бюджет есебінен қаржыландырылады.
Командалық жарыс ретінде көкпар бірнеше жыл бұрын белсенді түрде дами бастады. Ойын ауылдық жерлерде өте танымал. Бүгінде бізде 10 мықты команда бар. Ал көкпар үйірмесі құрылса, жарыстарға қатысуға байланысты жол шығынына қаржы бөлуге заңды негіз болады. Көкпар – өте қымбат спорт түрі, өйткені спортшылар жарысқа барғанда жылқыларын, жем-шөбін, қосымша құрал-жабдықтарын тасуға мәжбүр, – дейді Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
Сондай-ақ, өңірде ат спортын дамыту үшін Күнгей мен Үштөбе арасында ипподром салу жоспарлануда. Болашақ ипподромның аумағы 50 гектарды құрайды. Бүгінгі күні нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Биыл ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында ауылдық жерлерге арналған жаттықтырушылар штаты жеті адамға ұлғайтылды. Келер жылы штатты тағы 17 адамға кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұлар қазақ күресі, асық ату, жекпе-жек, ат спорты және басқа да спорт түрлерінен жаттықтырушылар. Ұлттық спорт түрлері мектебін де дамытып жатырмыз. Онда жастар сегіз секция бойынша тегін оқиды. Болашақта тағы бір Күрес орталығын салғымыз келеді, – деп қосты Темірхан Абылаев.
Облыста тоғызқұмалақпен 15 мыңға жуық адам айналысады. Жастар арасында асық ату мен садақ ату танымал. Бұл спорт түрлері облыстық дәстүрлі спартакиада бағдарламасына енгізілген.