Қарағанды облысында тегін әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр

3 Мамыр 2019, 15:45
5145
Бөлісу:
Қарағанды облысында тегін әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Ақсу-аюлы елді мекенінде көмекке мұқтаж жандарға арналған тегін дүкен ашылған. Дүкен бүгінде отыздан аса отбасыға әлеуметтік көмек көрсетіп отыр.

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентіндегі «Бақ» сауда үйінде ерекше дүкен бар. Дүкеннің ерекшелігі мұнда сатушы да, сатып алушы да болғанымен, тауар тегін. Аудандағы аз қамтылған, көпбалалы, мүгедек баласы бар және басқа да әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар осы дүкеннен азық-түлік, киім-кешекті ешқандай төлемсіз ала алады.

«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Халыққа көмек», «Бақытта отбасы» жобаларының аясында Шет ауданында ашылған әлеуметтік дүкенді бірегей дүкен деп айтуға болады. Бұл көпбалалы, аз қамтылған, көмекке зәру немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көрсетілетін көмектің бірі. Бізде қор, ықылас болғандығының арқасында жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе белсенді түрде осы үрдіске қосылып жұмыс жасаудамыз», - деді Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Дүкен Шет ауданы әкімінің бастамасымен және «Ақтілеу» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылды. Қорға ауыл тұрғындары, мемлекеттік қызметшілер, жеке кәсіпкерлер киім-кешек, үйге қажетті тұрмыстық заттарды әкелсе, қарапайым жанашыр азаматтар қаржы құйып, осы ақшаға тұрғындарға қажетті азық-түлік сатып алынады. «Бақ» сауда үйінің иесі дүкенге арналған аумақты тегін ұсынған. Дүкендегі тауарлар аудандық жұмыспен қамту бөлімі бекіткен тізімге сәйкес көмекке мұқтаж жандарға үлестіріледі.


Қарағанды облысында тегін әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр


Аудан әкімдігінің мәліметінше, Ақсу-Аюлы кентінде көмекке мұқтаж 30 отбасы тұрады.

«Мұқтаж отбасы дүкеннен айына 40 килограмға дейін азық-түлік ала алады. Мұнда макарон өнімдері, картоп, күріш, күнбағыс майы, шай сияқты тағам түрлері бар. Бір отбасы айына бір рет дүкеннен қажеттінің барлығын тегін алуға мүмкіндігі бар. Мұнда азық-түліктен өзге балалар аяқ киімі мен киім де бар. Тіпті көмірді де алуға болады, тек алдын ала тапсырыс беріп қою керек», - деді Шет ауданының әкімдігіндегілер.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін ай сайын жаңартып, толықтыратын отырады. Сондай-ақ, дүкенде отбасыға қажетті тауар болмаған жағдада арнайы журналға өтінім қалдыруға болады.

Шет ауданы әкімдігінің мәліметінше, жақын арада мұндай тегін дүкендер ауданның Ақадыр, Ақжал, Мойынты кенттерінде және С. Сейфуллин атындағы ауылында ашылады.

 

Өзгелердің жаңалығы