Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов су тасқыны қаупі бар аудандарды аралады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Бірінші кезекте Бұқар жырау ауданы-Ғабиден Мұстафин кентіне, Садовое және Чкалово ауылдары, сондай-ақ Ақтау кентіндегі Мырза станциясына барды. Қазір су өткізгіш құбырларды қардан тазартуға, өзен арналарының бойында орналасқан елді мекендер маңындағы қорғаныш біліктері мен габиондардың жай-күйіне ерекше назар аударылуда.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысының 95 % аумағы қар астында. Барлық өзендер мен су қоймалары қысқы режимде.
Елді мекендердің құбырлары мен аумақтарын қардан тазарту, инертті материал дайындау жалғасуда.
Осы аптаның соңына дейін автожолдардың учаскелеріндегі барлық құбырларды, су өткізу құрылыстарын, көпірлерді тазалау міндеті тұр. Қазір аумақтарды аралау жүріп жатыр, 20 наурыздан кейін тікұшақпен аралау басталады, – деді ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.
Облыс әкімі Нұра өзенінің арнасын Ертіс – Қарағанды каналынан Қарағанды – Павлодар жолындағы автожол көпіріне дейін тексерді.
Табиғи ресурстар басқармасының басшысы Бақтияр Санбаевтың айтуынша, өткен жылы мұнда арнаны 2,4 км бойы санациялау, тазарту, тереңдету және кеңейту жүргізілген. Өзеннің ені 20 метрден 100 метрге дейін ұлғайтылды, өсімдіктер орылды.
Садовое ауылында үйінді 2017 жылы тұрғызылды. Екі жылдан кейін жер үйіндісін нығайту жұмыстары жүргізілді. Чкалово ауылында бөгет білігі тұрғызылып, габиондар орнатылды. Еріген су Мырза станциясындағы үйлерге өтпеуі үшін өткен жылы су өткізгіш құбырларды тазартуға көп көңіл бөлінді.
Ермағанбет Бөлекпаев аралау барысында Ғабиден Мұстафин кентіндегі көпірді қайта құру барысын да тексерді. Гидротехникалық құрылыс облыстық маңызы бар Қарағанды – Теміртау – Токаревка автожолында орналасқан. Бұл көпірдің салынуын тұрғындар көптен бері күткен. Бүгін мұнда тікелей жол жоқ. Жаңа автомобиль көпірі бұрынғыдан шамамен 30 метрге ұзынырақ және 2 метрден жоғары болады. Бұл судың көбірек өтуіне мүмкіндік береді. Көпір жақын елді мекендерді байланыстырады. Құрылыс биыл аяқталуы тиіс. Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге барлық жұмыстар мерзімінде аяқталуы керектігін ескертті.
Облыс әкімі Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарын аралауды жоспарлап отыр.