Қарағанды облысында қызылша ауруы жиілеп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазір жұқпалы аурулар ауруханасында төрт бала емделуде, олардың біреуі бір жасқа толмаған. Дертке шалдыққан бүлдіршіндердің барлығы егілмеген. Дәрігерлер ата-аналарды қауіпті ауру мен дерттің ықтимал салдарының алдын алу үшін балаларын уақтылы вакцинациялауға шақырады.
Өңірдегі қызылша ауруының жағдайы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.
Қарағанды облысында жыл басынан бері 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшаның 15 жағдайы тіркелді, оның ішінде 11 жағдай зертханалық расталды, қалғандары сарапталып жатыр. Тек маусым айының өзінде бұл дертке 9 бала шалдықты, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.
Оның айтуынша, жұқтыру жағдайлардың бір бөлігі сырттан келген, балалар ата-аналарымен басқа елдерде демалған немесе Қазақстан бойынша саяхаттаған.
Юрий Залыгин қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай бүкіл әлемде күрделене түскенін атап өтті. Себебі, коронавирустық пандемияға байланысты балаларға вакцинация өткізу күрт төмендеді. Сонымен қатар, вакцинацияға қарсы шығып отырғандар қатары қалыңдаған.
Бүгінгі таңда жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен ауыратын төрт бала жатыр. Олардың жағдайы орташа. Бір сәби 2022 жылы туған, әлі бір жасқа толмаған. Басқа науқастардың жасы – 14 жасқа дейін. Барлық науқас уақтылы екпе алмаған, – деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының босану және балалық шақ жөніндегі орынбасары Гүлжан Жиембаева.
Ол облыста вакцина қоры жеткілікті екенін атап өтті – өңірімізде шамамен 20 мың доза бар. Препарат тиімді және қауіпсіз. Үндістанда жасалған Вакцина сертификатталған, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығында тексеруден өтуде.
Айта кететін жайт, иммундаудан бас тарту өте ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Дәрігерлер қызылша соқырлық пен энцефалитке дейінгі асқынулармен қауіпті екенін ескертеді.
Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау тегін, екі рет жүргізіледі: біріншісі – 12–15 ай, екіншісі – 6 жаста. Үш компонентті вакцина қолданылады. Ол бірден қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпе. Пандемия кезінде балалардың жоспарлы екпе алмағанын ескере отырып, барлық тұрғындарды балаларын вакцинациялау үшін тұрғылықты жері бойынша емханаларға жүгінуге шақырамын. Вакцинацияны кейінге қалдыру немесе тоқтату туралы шешім қабылдағанда, сіз балаңыздың денсаулығына, тіпті өміріне қауіп төндіретін үлкен жауапкершілікті аласыз, – деді Юрий Залыгин ата-аналарға.
Шетелдік сапарларды жоспарлау кезінде дәрігерлер вакцинациядан өтуді алдын ала ойластыруға кеңес береді.