Қарағанды облысында бұлақтар абаттандырылды

Экологиялық акция аясында бұлақ көздері тазартылып, айналасы абаттандырылып, табиғатты қорғау жұмыстары жүргізілді.

 Қарағанды облысының әкімдігі 11 Шілде 2026, 19:11
11 Шілде 2026, 19:11
71
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Қайта жаңғырту жұмыстары барысында мамандар бұлақтардың маңын тазалап, су шығатын жерлерді табиғи таспен бекітті. Сонымен қатар тұрғындар мен келушілерге қолайлы болуы үшін жаяу жүргіншілер жолы мен бұлаққа түсетін соқпақтар жасалып, беседкалар мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Автотұрақтар салынып, аумақ көгалдандырылды.

Нәтижесінде бұлақтар келушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орынға айналып, табиғи келбетін сақтап қалды.

Екі бұлақтың су сапасы зертханалық сараптамамен расталды.

Жұмыстар Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында жүргізілді.

Қарабас кентінің әкімі Мақсат Тәттімбетовтің айтуынша, республикалық маңызы бар тас жолдың бойында орналасқан «Сарышоқы» бұлағы бұрыннан абаттандыруды қажет еткен.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұлақтың өзін және оның айналасын ретке келтіру туралы шешім қабылданды. Енді осы жолмен жүрген әрбір адам аялдап, тынығып, таза әрі салқын су ала алады. Баршаңызды осы жерді күтіп ұстап, тазалығын сақтауға шақырамыз, – деді Мақсат Тәттімбетов.

Атқарылған жұмыстармен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев танысты.

Ермағанбет Бөлекпаев экологиялық бастамаларды қолдап жүрген еріктілерге, қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне, жастарға және өңір тұрғындарына алғыс айтты.

«Бұлақ көрсең – көзін аш» деген қазақтың көнеден келе жатқан нақылы халқымыздың суды тіршіліктің қайнар көзі әрі ортақ байлық ретінде қадірлейтінін айқын көрсетеді. Су көздеріне жанашырлық таныту – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Бүгінгі акция «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асырудағы маңызды қадамдардың бірі болып, еліміздің табиғи мұрасын сақтауға елеулі үлес қосады деп сенемін, – деді Талғат Момышев.

Топар мен Жартас ауылдарындағы бұлақтар жергілікті халыққа бұрыннан белгілі.

Аңыз бойынша, Шерубай батыр заманында жолаушылар шөл басу үшін «Сарышоқы» бұлағына аялдап отырған.

Бүгінде бұл бұлақ табиғи маңызын сақтай отырып, жаңа кейіпке ие болды.

Мен көп жылдан бері осы бұлақтан су аламын. Суы өте таза. Тіпті оны Қарағандыдағы зертханаға өзіміз апарып тексерткенбіз. Енді мұнда суға түсетін ыңғайлы жол жасалып, беседка мен ақпараттық тақтайша орнатылып, айналасы абаттандырылды. Осы іске атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін, – деді Топар ауылының тұрғыны Марат Құлжанбеков.

Сонымен қатар Ескі Тихоновкадағы бұлақ та абаттандырылды.

Қарағанды облысында табиғи бұлақтарды абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Наверх