Қарағанды облысының Новоузенка тұрғындары енді заманауи фельдшерлік-акушерлік пунктте медициналық көмек алатын болады. Жергілікті тұрғындар үшін бұл көптен күткен оқиға, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мен осы ауылда туып-өстім. 40 жылдан астам уақыт бойы біз қажетті жағдайлары жоқ фельдшерлік-акушерлік пунктте емделіп келеміз. Науқастар үшін ғана емес, қызметкерлер үшін де жағдай жасалмаған. Біздің медицина қызметкерлеріміз жақсы, олар бізге көмектесуге әрқашан дайын, бірақ олар осындай жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан көп жылдар бойы бізге жаңа ФАП салуды сұрадық. Міне, біздің өтінішімізге құлақ түріп, сұрауымызды өтеді, – дейді ауыл тұрғыны Светлана Кистанова.
Жаңа ФАП-та заманауи физиокабинет, күндізгі стационар, әлеуметтік дәріхана болады. Қазірдің өзінде барлық қажетті инфрақұрылым қосылған.
Екі жыл ішінде Қарағанды облысында 92 ауылдық денсаулық сақтау нысаны салынады. 69 медицина қызметкері жұмысқа орналасады. Оларды "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша жұмылдырады. Міндетті көтерме қаражаттан бөлек, жас мамандарға биыл алғаш рет қосымша қаржыландыру – 1,5 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін қолдау көрсетілетін болады.
Облыс әкімінің шешімі бойынша біз оларды лайықты көтерме қаражатпен қамтамасыз ете аламыз. Жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр, анестезиолог, реаниматолог сияқты сұранысқа ие мамандар үшін көтерме қаржы 5 млн теңге болады. Бейінді мамандарға – кардиологтар, невропатологтар, хирургтар үшін – 3,5 млн теңге, орта медицина қызметкерлері мен фармацевтер үшін – 1,5 млн теңге, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына сапалы шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Теміртау және Балқаш медициналық мекемелерінің базасында көпсалалы орталық аудандық ауруханалар ашылады.