Қарағанды облысында аусыл ошағын жою жұмысы жүргізіліп жатыр – ҚР АШМ

17 Қаңтар 2022, 09:00
1552
Бөлісу:
Қарағанды облысында аусыл ошағын жою жұмысы жүргізіліп жатыр – ҚР АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының 2022 жылғы 14 қаңтардағы сынақ хаттамасына сәйкес, Қарағанды облысы Шет ауданының Киікті ауылдық округінің Талдыбұлақ қыстағындағы «Мұрат» ФШ-да ірі қара мал арасында аусыл ауруының қоздырғышы анықталғанын хабарлады. 

Киікті ауылдық округінің әкімі Мерей Смағұловтың шешімімен 2022 жылдың 14 қаңтарында фермерлік шаруашылық аумағында карантин жарияланды. 

ҚР Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Асқар Жақыпбаевтың шешімі бойынша дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу үшін республикалық қордан «Глюзамин ВЕТ» құралы бөлінді.

ҚР Бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының қаулысы негізінде инфекция ошағында мал қан шығарылмай жойылып, кейін ауру және олармен жанасатын жануарларды өртеу жүргізілетін болады. Жануарлардың өлекселерін өртеу арнайы жабдықталған инсинератор (HURIKАN-3000) жылжымалы автокөлігінде жүргізіледі. Өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады, - делінген ақпаратта.

Республикалық және жергілікті ветеринарлық мекемелерден күштерді тарта отырып, инфекция ошағын толық жою жүргізіліп жатыр. 

Ветеринариялық-карантиндік іс-шараларға сәйкес инфекция ошағын жою жөніндегі штаб құрылып, ветеринариялық-карантиндік іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленді, дезинфекциялық тосқауыл қойылды, жергілікті полицияны тарта отырып, «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ мамандарымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Сондай-ақ дизинфекция жүргізіліп, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде аусылдың таралуын болдырмау және алдын алу бойынша ескертулер жарияланып, жадынамалар таратылды.

 Ауруды оқшаулау үшін 6 арнайы техника мен 25 қызметкер жұмылдырылды. Сондай-ақ, карантин соңғы ауру жануар жойылған күннен 21 күн өткен соң және ветеринариялық-карантиндік іс-шаралар өткізілгеннен кейін қорытынды дезинфекция сапасының нәтижелеріне сәйкес алынып тасталатынын хабарлаймыз, - деп хабарлады АШМ.

Ауру ошағындағы эпизоотиялық жағдай қатаң бақылауда.

Еске сала кетейік, аусыл - үй және жабайы жануарлардың вирустық ауруы, жіті инфекциямен, безгегімен және ауыздың шырышты қабығында, желінде және тұяқтардың терісінде күлдіреулердің пайда болуымен сипатталады. Адамдар аусылмен ауыруы мүмкін, бірақ инфекция адамнан адамға жұқпайды. 

 

 

Өзгелердің жаңалығы