Биыл аймақта 500 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, 12 мектеп пен 27 денсаулық нысаны салынып жатыр. Бұл жайында облыстық құрылыс, сәулет басқармасының басшысы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл соңына дейін облыста 500 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Қазіргі уақытта 317,262 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл пайдаланылуға берілетін тұрғын үйлер 80 мың шаршы метрге көп болмақ.
2024 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 500 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үйлердің 80 пайызға жуығы коммерциялық тұрғын үй, яғни жеке инвестициялар есебінен салынған. 2023 жылы 422,666 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген болатын. Оның 13%-ы мемлекеттік тұрғын үйлер, - дейді Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұрат Мағзин.
Аймақта жалдамалы пәтер жобалары да табысты жүргізілуде. Өткен жылы Қарағанды, Шахтинск қалаларында, Абай, Бұқар-Жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында 11 жалдамалы тұрғын үй пайдаланылуға берілген. Оларда жалпы саны 547 пәтер бар. Сонымен қатар, 347 жалдамалы пәтер сатып алынған. Жалпы алған өткен жылы баспана кезегінде тұрған азаматтарға 57 мың шаршы метрді құрайтын 894 пәтер берілген. Биыл Қарағанды облысында жалға берілетін 1118 дайын пәтерді сатып алуға 16,7 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген. Шілде айында кезекте тұрғандар үшін Қарағанды қаласында және Бұқар Жырау, Шет аудандарында 17 пәтер сатып алынды.
2024 жылдан бастап Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы баспана кезегінде тұрғандарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігін әзірледі. Сол тетікке байланысты жалға берілетін тұрғын үй құрылысы енді қаржыландырылмайды, жалға берілетін тұрғын үйлер жеке құрылыс салушы компаниялардан сатып алынады. Әлеуметтік мақсаттағы тұрғын үй сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сай жайлылықтың ІІІ-IV сыныптарына сәйкес келуге тиіс. Тұрғын үйдің бір бірлігінің жалпы ауданы 80 шаршы метр шегінде болады, рұқсат етілген ауытқуы 5 пайызға дейін, - деп түсініктеме берді басқарма басшысы Мағзин.
Басқарма басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда облыстың қалалары мен аудандарында жекеменшік құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысын белсенді жүргізуде. Аудандарда 2, 4, 6, 12 пәтерлі тұрғын үйлер салынуда. Нысандар дайын болған кезде тұрғын үйді сатып алу мақсатында конкурстық рәсімдер өткізілетін болады.
Облыста жеңілдетілген несиеге берілетін 8 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның бесеуі Қарағандыда, Балқашта екеуі және Абай қаласында 1 үй салынып жатыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы Қарағанды, Теміртау, Балқашта 459 пәтерлік 8 кредиттік үйді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жеңілдетілген ипотекалық несие баспана кезегіндегілердің Отбасы банкіндегі бастапқы жарнасы бағдарламаға байланысты 10-20% болған кезде рәсімделетін болады, - дейді Мұрат Мағзин.
Аймақта әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысына да баса назар аударылуда. Облыстың ауылдық жерлерінде 27 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық бағдарламасы биыл да жалғасын табуда. Аталған бағдарлама бойынша 2 жылда облыстағы барлық ауылдық жерді медициналық инфрақұрылыммен қамту көзделген. 90 елді мекенде денсаулық нысанын салу жоспарланған. Бүгінгі күні 14 нысан қолданысқа берілсе, 27 нысан салынып жатыр. Олардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Сонымен қатар келесі жылы салынып бітетін 51 медицина нысанының құрылыс басталды, - дейді басқарма басшысы.
Ауыл медицинасынан бөлек аймақта басқа да денсаулық сақтау нысандары жаңғыртылып, жаңартылуда. Қарағанды қаласындағы бұрынғы балалар ауруханасының ғимараты жаңғыртылып, жатақханаға айналған. Бұл 94 жас маманды қызметтік баспанамен қамтуға мүмкіндік берді. Теміртаудың Орталық ауруханасының бас корпусының жанынан жаңа ғимарат бой көтеруде. Дәл осындай жоба 2025 жылы Балқаш қаласында да іске асырылмақ.
Білім беру саласында оң өзгерістер бар. Оқу жылы басталғанға дейін Күнгей шағын ауданында және Бұқар Жырау ауданының Новостройка ауылында жаңа мектептер қолданысқа берілмек. Новостройкадағы жаңа мектеп елдімекендегі апатты мектеп мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берсе, Күнгейдегі мектеп ықшам аудандағы бірінші мектеп болмақ.
Облыстағы бірнеше мектепті қайта жабдықтауға да көңіл бөлінді. Шет ауданының Ағадыр ауылында, Бұқар Жыраудың Гагаринское ауылындағы мектептерде қосымша оқу ғимараты, Нұра ауданының Шұбаркөл елді мекенінде спортзал салынды. Осакаров ауданының Ақбұлақ ауылындағы мектепті жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын. Сонымен қатар Қарағанды қаласындағы №50 мектептік жанынан қосымша ғимараттың құрылысы басталатын болады, - дейді Мағзин.
Биыл Пришахтинск ықшам ауданында шығармашылықты дамытуға арналған қосымша білім беру орталығы қолданысқа берілді. Басқарма басшысының сөзінше, аталған нысан облыстың ғана емес еліміздің білім беру саласындағы инновациялық жоба болып саналады. Дәл осындай жобаны 2025 жылы Майқұдықта жүзеге асыру жоспарлануда.
Аймақта «Жайлы мектеп» жобасы да табысты жүзеге асырылуда. Жоба бойынша 2023-2025 жылдары облыста 12 500 оқушыға арналған 18 мектеп салынады. Жыл соңына дейін аймақта 10 мектепті қолданысқа беру жоспарлануда.
Қарағандының Гүлдер шағын ауданында 300, Көгілдір тоғандар ықшам ауданында 1200, және Кеңдала ықшам ауданында 2000 орындық және Таугүл шағын ауданындағы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Шет ауданынының Ақсу-Аюлы, С.Сейфуллин ауылдарында, Бұқар Жырау ауданының Үштөбе, Ғ.Мұстафин, Доскей елді мекендерінде және Балқаш қаласында 900 орындық мектеп салынып жатыр, - деді Мағзин.