Қарағанды облысында мал ұрлығы көбейген, деп хабарлайды BAQ.KZ «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Мұны мамандар күздік соятын уақыттың келуімен байланыстырады. Осыған орай республикалық маңыздағы және облыстық тасжолдардың бойына 17 жылжымалы блок бекет қойылды. Криминалдық полиция мен учаскелік инспекторлар тәулік бойы өткен-кеткен көлікті жаппай тоқтатып, жүк салғышты қарап, құжат тексеретін болады.
Заң бұзғандар жазаланады. Мысалы, бірер күн бұрын Ақтоғай ауданында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Тергеу барысында олардың 6 бас ірі қараны жымқырғаны дәлелденген.
Ал жыл басынан бері өңірде мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліпті. Соның 10-ы тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында ашылды. Тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысып келген 2 бірдей қылмыстық топ ұсталды.
Дәстүрлі күздік және соғым уақыты жақындап келеді. Осы уақыт аралығында мал ұрлығы көп болады. Сондықтан мобильдік топ осы қылмыстардың алдын алу жұмысын жасайды. Олардың мақсаты – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, ет өнімдері құжаттарының талапқа сай болуын қадағалау, - деді криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қуат Мақаш.