Қарағанды облысында 1400 шақырым автожол жөнделеді

16 Мамыр 2022, 23:10
1221
Бөлісу:
Қарағанды облысында 1400 шақырым автожол жөнделеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында жол жөндеу жұмыстары басталды. Қандай нысандарда жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны жайлы аппараттық кеңесте мәлім болды.

Биыл облыс аумағында 1400 шақырымға жуық жалпы пайдаланымдағы автожолдарды жөндеу қарастырылған. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жалпы ұзындығы 464 км құрайтын 29 нысан қамтылды, оның ішінде ұзындығы 131 км жеті учаскені қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ барлық аудандарда ұзындығы 313 шақырым автожолдардың 20 учаскесі орташа жөндеумен қамтылды, оның ішінде 12 нысан 2021 жылдан бері жөнделіп жатыр, ал 8 нысан жаңадан қосылғандар, – деп баяндады жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов.

Жартас – Долинка, Новодолинка – Шахан – Молодецкое, Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс, Қаражал – Атасу жолдарындағы учаскелерді қайта жаңарту жалғасуда. Осакаровка – Молодежное, Нұра – Шахтер жолдарын қайта жаңартуды аяқтау жоспарлануда.

Жол жөндеушілер Нұра – Осакаровка автожолының учаскесін қайта жаңартуға кіріседі. Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне кіреберіс жолдың құрылысы басталады.

Қарағандыда К. Маркс және Магнитогорская көшелеріне, 7-ші магистральға күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ол биыл аяқталады.

Сәбит Оспановтың айтуынша, жол жұмыстарына осы маусымда 4 мыңға жуық арнайы техника мен 5 мыңнан астам жұмысшы жұмылдырылады.

Республикалық трассалардағы жобалар туралы "Қазавтожол" облыстық филиалының басшысы Сырым Хамзин айтып берді. Биылғы жылы қайта құру жұмыстарымен ұзындығы 504 км 11 учаске қамтылатын болады, ұзындығы 167 км 8 учаскеде орташа жөндеу көзделген.

Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы, Жезқазған – Қарағанды жолдарын қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленуде.

Облыстық және республикалық жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Материалдарды уақтылы қамтамасыз ету және олардың сапасын бақылау қажет. Кестеден қалыс қалуға жол бермеу, барлық белгіленген жоспарлар мерзімінде іске асырылуы тиіс, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Өзгелердің жаңалығы