Қарағанды облысы Жолдауда айтылған жұмыстарды жүзеге асыруға кірісті

4 Қыркүйек 2020, 02:30
1343
Бөлісу:
Қарағанды облысы Жолдауда айтылған жұмыстарды жүзеге асыруға кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Қарағанды өңірі Президент Жолдауында айтылған жұмыстарды жүзеге асыруға кірісіп кетті, деп хабарлады "Хабар 24" арнасы.

Бұл ретте 11 бағыт бойынша айқындалған міндеттерді облыс активі кеңінен талқылап, алдағы жоспарларын пысықтады. Өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы, шағын қалаларды дамытуға басымдық беріледі.

Қарағанды өңірі келешекте жоғары технологиялық өндіріс орталығына айналуы тиіс. Оған облыстың әлеуеті жетеді. Қазір мұнда ондаған инновациялық жоба жүзеге асып жатыр. Тек жарты жылда аймаққа 400 миллиард теңге инвестиция тартылған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы "Ірі металлургиялық кәсіпорындар шоғырланған өңірлерді дамытуға қатысты тың көзқарас керек" деді. Яғни, біздің өндірістік өңірді Жолдауда айтылғандай, орталыққа айналдырудың идеясы бүгіннен басталып, тың көзқарас қалыптасуы тиіс, - деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жолдаудың төртінші бағытында халықты жаппай баспанамен қамту мәселесі айталған. Осыған орай, Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы 1,5 есеге ұлғайтылмақ. Қазір өңірде көпбалалы 4 мың отбасы үй кезегінде тұр. Жыл сайын шамамен мың отбасына пәтер беру жоспарда.
Көпбалалы аналардың ең басты мәселесі – баспана. Сол баспана мәселесін шешуге биыл бағыт берілді, бастама көтерілді. Бұл – бір. Екіншісі, әлеуметтік кодекс дегенді қолға алмақ. Бұған дейін жалғызбастылардың, мүгедек баласы және көп баласы бар аналардың мәселелері біресе тұрғын үй қатынастары туралы заңдарда, біресе, әлеуметтік төлем туралы заңдарда әртүрлі шешіліп келді ғой. Енді оның барлығы бір заңмен реттелетін болды. Бізге келтірілетін ең басты жеңілдік осы, - деді қоғам белсендісі Ләззат Қожахмет.
Моноқалаларды дамыту мәселесі де Қарағанды аймағы үшін аса маңызды. Себебі, еліміздегі 27 шағын қаланың 8-і кенді өңірде орналасқан. Онда облыс халқының 42%-ы тұрады. Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Сондай-ақ, облыс активінде 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар 1 мың шақырым жол жөнделетіні айтылды.
Өзгелердің жаңалығы