Орталық коммуникациялар қызметі өңірлермен бірлесіп 2023 жылдың қорытындысына арналған жобаны жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қарағанды облысында көмір өндіріліп қана қоймайды, өңірде шағын және орта бизнес те белсенді дамып келеді. Әрбір екінші тұрғыны ШОБ саласында жұмыс істейді, ал облыстың өзі бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша республикада екінші орында тұр.
Негізгі экономикалық көрсеткіштер өсті
Жаңғырту мен жергілікті қамтуға үміт арту – Қарағанды облысының өнеркәсіп саласы бүгінгі күннің талаптарын ескере отырып дамуда.
2023 жылы өңірдегі өнеркәсіпте арнайы кокс, тұрмыстық техника, әктас, гофрленген құбырлар, тазартылған селен, қағаз өнімдері, мыс концентраты және т.б. шығаратын 11 жаңа кәсіпорын пайдалануға берілді.
Мысалы қуаттылығы жылына 300 мың тонна арнайы кокс өндіретін жаңа зауытта заманауи технологиялық шешімдер мен автоматтандыру пайдаланылады.
11 айда облыстың негізгі капиталына 727 миллиард теңгеден астам инвестициялар тартылды, өткен жылмен салыстырғанда өсім 16,3%-ды құрады. Машина жасауда 45%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 23,9%-ға, фармацевтикада 20%-ға және қара металлургияда 1,2%-ға өсім қамтамасыз етілді.
Жалпы өңірде 12 мыңнан астам жаңа компания ашылды. Демек, салық салу базасы да кеңейіп келеді.
Шағын және орта бизнес белсенді дамуда. ШОБ субъектілерінің саны 9,7%-ға артты. Бұған облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалған жағдайлар да өз ықпалын тигізуде. Атап айтқанда, Қарағанды облысы республикада бірінші болып бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге (4-тен 2 пайызға дейін) төмендетті. Нәтижесінде салық төлеушілер саны 6 есеге өсті.
Ірі компанияларға қызмет көрсетуге 800-ден астам ШОБ тартылды.
Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5%-бен 1 миллиард 620 миллион теңгеге 365 несие берілді.
Барлығы 5,5 мың бизнес-жоба, оның ішінде 2,5 мың жаңа жоба қаржыландырылды.
Кірістердің артуы және жұмыспен қамту
Жергілікті билік бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуде.
2023 жылы 50 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, шамамен 21 мың жұмыс орны ашылды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,9 млрд теңгенің 396 бизнес-жобасы мақұлданды. Оның ішінде 2 млрд 481 млн теңгеге 326 несие беріліп, 371 жұмыс орны құрылды.
Моноқалаларды дамыту жеке бағыт болып табылады. Saran индустриялық аймағы кеңейтілуде. Соның арқасында 6 мың жұмыс орны құрылады. Балқаш моноқаласы бойынша қаланы дамытудың кешенді бесжылдық жоспары әзірленіп, іске асырылуда. Басты міндет – Балқаштың әлеуетін ашып, оны жергілікті және шетелдік туристер үшін тартымды ету.
Өңірдегі жастар тәжірибесінің ұзақтығы – 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды, еңбекақы 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсті. «Дипломмен ауылға!», «Жасыл ел» секілді басқа да жобалар сәтті іске асырылды. Бұл ретте «Жасыл Ел» қатарына халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жасөспірімдерді қабылдауға басымдық берілетінін атап өткен жөн.
Қабылданған шаралар облыста жұмыссыздық деңгейін 4,1%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Әлеуметтік сала
2025 жылға дейін 22 мектеп, оның ішінде 18-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады. Аталған жоба шеңберінде қазірдің өзінде 10 мектептің құрылысы басталып кетті. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына Қарқаралы ауданы Талды ауылында 200 оқушыға арналған мектеп, Бұқар жырау ауданы Жаңа құрылыс ауылында 150 оқушыға арналған мектеп салынуда.
Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, жүйенің негізгі инфрақұрылымы облыстың ірі қалаларында шоғырланған. Осы жылдың маусым айында облыс орталығында 200 төсек-орындық облыстық көп бейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталды. Ауруханада барлармен қатар үш жаңа бөлімше – травматология-ортопедия, нейрохирургия, жақ-бет сүйек бөлімшелері ашылады.
Сонымен қатар, Қарағандыда жаңа жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы іске қосылды. Ал, Балқашта балаларға арналған жаңа оңалту орталығы ашылып, облыстың түкпір-түкпірінен келген мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетіледі. Онда бір жарым жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды. Орталық 50 адамға есептелген. Оңалту кешенді: медициналық, әлеуметтік және педагогикалық. Барлық көрсетілетін қызметтер тегін.
Сонымен бірге жергілікті билік ауылдардағы медициналық көмек көрсетуді жақсарту бойынша кешенді шараларды әзірледі. Ауылдық жерлерде 92 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. Ауылдарға медицина мамандарын тарту үшін әрбір медицина қызметкеріне 5 миллион теңгеге дейін қосымша қаржылай қолдау бөлінді.
Өңірде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін бірқатар пилоттық жобалар іске асырылуда. Солардың бірі – халқы аз ауылдарда ауданы 60 шаршы метрге дейінгі медициналық пункттер орнату. Егер бұрын олардың жұмыс істеуі үшін кемінде 200 адам тұруы қажет болса, қазір тәсілдер өзгерді: ауылда 50-ге жуық адам тұрса да, олар тұрғылықты жері бойынша медициналық көмек алуы қажет.
Сонымен қатар, МЖӘ арқылы Осакаров, Абай және Қарқаралы аудандарында үш гемодиализ орталығы ашылды.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылған тағы бір маңызды жоба – телемедицина. Осының арқасында үйде диагностика жасауға, мобильді чемоданды пайдалануға, «ақылды» ЭКГ жасауға және денсаулықты қашықтан бақылау жүйесін пайдалануға болады.
Қарағандылықтарды қолдауға және қорғауға бағытталған тағы бірнеше пилоттық жобаға тоқталайық. Атап айтқанда, пилоттық тәртіпте республикадағы тұңғыш Отбасылық көмек орталығы ашылды. Эксперименттік түрде әйелдер полициялық учаскесі құрылды, оның құрамына тергеуші, ювеналды және көші-қон полициясының инспекторлары, есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жедел уәкіл, пробация қызметінің өкілі және т.б. кіреді.
Энергетика және ТҮКШ
Өңірдің энергетика саласына баса назар аудару қажет. Облыс тұрғындарын үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы жылу желілерін салу және жаңғырту бойынша 16 жоба жүзеге асырылды. Теміртау қаласында шамамен 28 километр жылу желілері жөнделіп, Қарағанды және Теміртау қалаларында 3-ші іске қосу кешенінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Шахтинск ЖЭО-да негізгі және қосалқы жабдықтар, үш қазандық және екі турбина жөнделді.
5598 жеке тұрғын үй газ тарату желілеріне қосылды. Қазірдің өзінде 2796 үй газбен қамтылды, бұл 49,9%-ды құрайды.
Тұрғын үй мәселесі мен ТҮКШ саласына келер болсақ, облыста жалпы көлемі 397,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 400 мың шаршы метрге дейін артады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұл кезекте тұрған азаматтар санын 700 адамға азайтуға мүмкіндік береді. Кеншілер мен металлургтерге арналған өңірлік жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама аясында 2,3 миллиард теңгеге 139 ипотекалық несие берілді.
Қарағанды облысының 2023 жылғы даму қорытындылары бір жыл ішінде әртүрлі салаларда көптеген жобалар іске асырылғанын көрсетеді, олардың басты мақсаты еліміздің ең ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірінің тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту болып табылады.